Халық үнемге көшті: Президент пен Үкімет әкімшілігінің ғимараттар дирекциясы 60 млн теңгеге ет сатып алмақ
25 тонна еттің кім үшін, не үшін алынып жатқаны техникалық сипаттамада көрсетілмеген
Президент әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттар дирекциясы 60 млн теңгеге ет сатып алмақ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мемлекеттік сатып алу порталында Президенттің іс басқармасына қарайтын аталған мемлекеттік кәсіпорын 2022 жылы мамырда «Север ЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасқан. Келісімшарт құны – 60 млн 574 мың теңге.
Тендер «бір көзден сатып алу» тәсілі бойынша өткен. Яғни, тапсырыс беруші ашық конкурс жарияламаған, тікелей «Север ЕТ» компаниясымен келісімшарт жасаған.
Тапсырыстың техникалық сипаттамасында көрсетілгендей, кәсіпорын 25 мың келі (бірінші санаттағы) тұтас жас сиыр етін сатып алуға 56 млн 250 мың теңге жұмсап отыр.
Одан кейін 600 келі жылқы еті мен 500 келі қой етіне тапсырыс берген. Тағы 500 келі сиырдың бауырын сатып алуға 750 мың теңге, 200 келі жүрегін, тағы 20 келі сиыр тілін сатып алуға 340 мың теңге жұмсамақ.
Сонымен бірге ет өндіретін кәсіпорынның халал сертификаты мен мамандандырылған машиналар паркі болуын сұраған. Дегенмен мұншама мол ет кімге, не себепті алынып жатқаны техникалық сипаттамада көрсетілмеген.
Аталған мемлекеттік кәсіпорын қызметтік ғимараттарды пайдалану мен техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру және Президент әкімшілігі мен Үкіметін жабдықтау бойынша қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, кәсіпорынның ресми сайтында қызмет саласы «Ақорда» резиденциясы мен «Үкімет үйі» ғимаратын, оның ішінде олардың орынжайлары мен құрылыстарын жиһазбен, еден төсеніштерімен, кілем бұйымдарымен, есептеуіш техника құралдарымен, ұйымдастыру ісі техникасымен, баспа өнімімен, кеңсе, санитарлық-тұрмыстық, санитарлық-гигиеналық заттармен, парфюмерия өнімімен жабдықтау деп көрсетілген.
ҚР Президенті іс басқармасына қарасты «Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК басшысы – Ергазы Инербаев.
Айта кетелік, елімізде жанар-жағармай бағасы, электр энергиясы мен жем-шөп дақылдарының қымбаттауына байланысты ет және сүт өнімдерінің бағасы да күрт қымбаттады.
Өңірлер арасында ет бағасы Алматы мен Нұр-Сұлтанда едәуір жоғары. Мәселен, елордада сиыр етінің орташа бағасы – 2 506 теңгеге, қой еті – 2987 теңгеге, жылқы еті – 3015 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал Алматыда сиыр еті – орта есеппен 2 325 теңге, қой еті – 2 920 теңге, жылқы еті 2 939 теңгеден сатылып жатыр.
Ал ТМД елдері арасында Қазақстанда ұн бағасы қымбат. Ұн бағасы бір айда 8 пайызға, бір жылда бірден 23 пайызға қымбаттаған.