3 млрд теңгені арнайы лицензиясы жоқ мердігерлер игерген. БҚО-да су басу қаупі сейілмей тұр

Ая Өміртай

«Әділдік жолы» РҚБ өкілдері Бас прокуратураға хат дайындап, арнайы лицензиясы жоқ мердігерлердің тізімін жасады

Қазақстанда биыл көктемде су тасқыны кезінде төтенше жағдай режимін жариялаған алғашқы аймақ – Батыс Қазақстан облысы. Қазір облыста 38 жолды су шайып, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарына қарасты 9 елді мекенде көлік қатынауы қиындаған. Өңірдегі 1905 саяжайды су басып, жергілікті масштабта 6 төтенше жағдай жарияланды. Облыста әлі де су тасқыны қаупі басылған жоқ. 13 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, соңғы екі жылда облыстағы су тасқынының алдын алу шараларына 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал су тасқыны кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс болатын селден қорғайтын бөгеттер мен су қоймаларының дені Кеңес тұсында салынған.

Halyq Uni тілшісіне «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жетекшісі Бауыржан Зәки өңірдегі ахуалды баяндап берді. Сарапшының айтуынша, қоғамдық бақылау болмаған жерде жемқорлық тәуекелі болуы әбден мүмкін.

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ 3 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН

«Қазір су тасқынының қатері басылған жоқ. Өйткені Ресейдің Орынбор қаласынан, Орал тауынан келіп жатқан Жайық өзенінің арнасы толып тұр. Су өте көп мөлшерде келіп жатыр. Осы аптада Жайықтан келетін судың көлемі артады деп болжанып отыр. 5-8 күн ішінде Атырауға жетуі мүмкін деп айтылып жатыр. Жайық – Еуропадағы ұзын өзендердің бірі. Өзеннің ұзындығы 2 мың шақырымнан асады, Каспий теңізіне құяды», - дейді қоғам белсендісі.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, соңғы екі жылдда облыстағы су тасқынының алдын алу шараларына 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Сарапшының айтуынша, қоғамдық бақылау белсенді болмаған жерде жемқорлық тәуекелі болуы әбден мүмкін.

«Мемлекеттік сатып алу сайтын қарап отырмыз. Белгілі болғандай, су тасқынының алдын алу, бөгеттер салу, жөндеу, өзен арналарын тазалау жұмыстарына жыл сайын ақша бөлініп келеді. Соңғы екі жылда – 2022 және 2023 жылдары БҚО-да 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Одан бөлек, 1 млрд теңге су тасқынының алдын алуды жоспарлауға бөлінген. Көрсетілгендей, бұл қаржы екі жақты игерілген. Кім тексерді, бұл жұмыстар қалай атқарылды? Осындай сауалдар туындайды. Қоғамдық дегеніміз – кез келген салада дұрыс бақылау, тиісті уәкілетті органдар емес, жергілікті халық тарапынан бақылануы. Жемқорлық деректері өршіп тұрғанын ескерсек, бұл салада да қаржы ұрлануы мүмкін. Яғни, жұмыстар дұрыс атқарылмауы мүмкін. Өйткені күнделікті қолданыстағы жолдың құрылыс кезінде сапасы сын көтермейді және бір жылдан соң шұрқ тесіліп жатады. Ешкім көрмейтін алыстағы бөгеттер мен плотиналардың сапасы күмән тудырады», - дейді сарапшы.

АРНАЙЫ ТІЗІМ ТЕКСЕРУГЕ ЖІБЕРІЛЕДІ

Елімізде суды жинайтын, сақтайтын, бұратын гидротехникалық нысанның саны 1 жарым мыңнан асады. Соңғы тексеріс нәтижесінде гидротехникалық құрылыстың 500-ден астамы жөндеуді қажет ететіні анықталған.

Уәкілетті органдардың ақпаратына сәйкес, облыста 74 гидротехникалық құрылыс пен нысан бар. Батыс Қазақстан облысында су жүйелері көп. Тек Жайық емес, Шаған, Деркөл, Өлеңті өзендері бар. Сондықтан Кеңес кезінде салынған мұндай гидротехникалық құрылыстар ағымдағы жөндеумен, қайта жаңғырту жұмыстарымен ғана тұр, - дейді Бауыржан Зәки.

Сарапшының айтуынша, нысандардың құрылысымен көбіне арнайы лицензиясы жоқ мердігерлер айналысып келген. «Әділдік жолы» РҚБ өкілдері алдағы уақытта арнайы тізім жасап, құзырлы орындарға тексеруге жібермек.

«2022-2023 жылдары ашық қоғамдық бақылау жасаған жоқпыз. Десе де бізге тұрғындардан түскен ақпаратты талдау негізінде мұндай құрылыстарды біліктілігі бар, құрылыс саласына маманданған, лицензияны қажет ететін жұмыстарды шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, тәжірибесі жоқ тұлғалар атқарып келген. Сондықтан біздің ұйым қазір осы тізімді жинақтап, кейін құзырлы органдарға, атап айтқанда Прокуратура органдарына тексеру үшін жолдаймыз», - дейді ұйым өкілі.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРЕТІН НОРМА

Басты назар аударатын жайт, мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабы 3-тармағына сәйкес төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде шартты тікелей жасауға рұқсат береді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық қаупін тудырады әрі сыбайластыққа жол берген мұндай жайт бұрын да кездескен.

«Тапсырыс беруші – ол әкімдік бола ма, ТЖД ма, басқа мемлекеттік орган болсын, тікелей бір көзден шарт жасай алады. Тағы да жемқорлықтың, бюджет қаржысының ұрлану деректері осындай кезде көп кездеседі. Мысалы 2011 жылы Оралдағы су тасқыны кезіндегі осындай деректер дәлел болады. Менің ойымша, қауіп-қатерден бөлек осындай мәселелер де бар. Профилактика аз жүргізіледі. Бюджет – халықтың салығынан жиналған қаржы. Осы қаржы жиі қолды боп жатады. Үкімет, оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазгидромет» мекемесі су тасқынын алдын ала білді. Алайда біз мәселе ушыққан кезде ғана қимылдаймыз. Төтенше жағдай біздің экономикамызды тағы он жылға артқа шегеріп отыр. Өйткені жол саламыз, балабақша мен мектептерді жөндеуге жобаларға бөлінген ақша өтемақы төлеуге, шығындарды түгендеуге жұмсалады. Мұны білуіміз керек», - дейді ол.

Қазір Орал әкімдігі су басқан аймақтардағы зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу бойынша өтініш қабылдап жатыр. Арызды екі түрде жаза алады: жойылған/бүлінген мүлікке (үй, гараж т.б) және біржолғы өтемақы алу. Қазір әкімдік соманы 184 600 теңгеден 369 200 теңгеге дейін көтерген.

Өтініш арызбен бірге жеке куәлік көшірмесі және жойылған-бүлінген мүліктің тізімі және оны растайтын құжаттарды тапсыруы керек. Әкімдік оны тіркеп, қолхат береді және 15 жұмыс күн ішінде қарайды. Комиссия тексереді және бағалау ұйымдастырады.

«Дау туындаған жағдайда, атап айтқанда компенсация құны төмен деп келіспеген жағдайда, тек сотқа жүгінеді. Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін арызды 30 күн ішінде жаза алады.  Қолданыстағы заңнамада, үй жануарларына өтемақы төлеуді реттеп жатқандығын атаған. Егер малды тіркеу базаларын тіркелмеген болса бөлек арыз жаза отырып, мал тізімін, түсін, түрін көрсетуге тиіс. Әкімдік күмәнданған жағдайда, арыз жазушы қосымша құжаттар арқылы өз уәжін дәлелдеуі қажет болады», -дейді сарапшы.