Су тасқынынан зардап шеккендерге басқа да қайырымдылық қорлары ақша жинап жатыр
Сәуір айының басынан бері «Қазақстан халқына» қорына ел халқынан 1,8 млрд теңге қайырымдылық қаражаты түскен, деп хабарлады Halyq Uni.
Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры қазақстандықтардан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге ақшалай көмекті жинауға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Азаматтар мен кәсіпорындардың бастамасын назарға ала отырып, Қор ұйымның шоттарына түскен қаражатты жинауға және оның ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге дайын екенін хабарлайды. 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардың барлық ерікті қайырымдылықтары шешімдер негізінде және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен зардап шеккендер үшін ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға жіберілетін болады. Қор донорлар мен аударылған сомалардың мөлшерін көрсете отырып, егжей-тегжейлі есепті жариялайтын болады, – делінген қор таратқан ақпаратта.
Белгілі болғандай, 12 сәуірдегі ақпарат бойынша қорға 1 852 027 733 теңге қаржы түскен. Ұйымның сайтында бұл қаражаттың кімнен және қанша мөлшерде түскені туралы есебі бар. Бүгінге дейін 55 заңды тұлға қорға 1 803 047 134 теңге аударса, 265 жеке тұлғадан 10 329 151 теңге қаржы түскен.
Қайырымдылық жасаған заңды тұлғалардың арасында Үкімет аппараты, Сауда және интеграция министрлігі бастаған мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік компаниялар, зауыт-фабрикалар, қаржылық ұйымдар, медициналық ұйымдар мен білім беру мекемелері және жекеменшік компаниялар бар.
Қорға ең көп қайырымдылық сомасын «Қазақстанның халық банкі» аударған, қаржы көлемі 500 000 000 теңге деп көрсетілген. Сондай-ақ 300 000 000 теңгені Н. Назарбаевтың мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламалар қоры аударған. Сондай-ақ құрылыс секторындағы ірі ойыншы MABСO CONSTRUCTIONS S.A. компаниясы 250 000 000 теңге аударған.
Су тасқынынан зардап шеккен отандастырымызға көмекті тек ірі компаниялар ғана емес, шағын ұйымдар да көрсетіп жатқанын атап өту керек. Мәселен, еліміздегі мүлік иелері бірлестігінің бірі 100 000 теңгені көмекке бағыттаған.
Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмекті «Қазақстан халқына» қорынан бөлек, бірнеше қайырымдылық қорлары жинап жатыр.