Биыл Қазақстан бойынша бюджеттік несие беруге 20 миллиард теңге қарастырылған
2022 жылы Қызылорда облысында жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге 2,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
ҰЭМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысы өңірге жұмыс сапарымен барған.
Әлібек Қуантыров облыстағы моно мен шағын қалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін жалпы құны 1,4 триллион теңге көлемінде кешенді жоспар әзірленді. Ол 125 іс-шараны іске асыруды қарастырады. Жоспар 2025 жылға дейін есептелген. Ол инвестициялық жобаларды іске асыруға, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған», - деді министр.
Сондай-ақ басшы биыл жас қызылордалық мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті.
«Биыл тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 20 миллиард теңге қарастырылған. Қызылорда облысы бойынша 517 маман үшін 2,4 миллиард теңге бөлінді», - деді Әлібек Қуантыров.
Айта кетейік, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету «Дипломмен ауылға» жобасы аясында іске асырылады.