Сарапшы малдың жаппай қырылуы еліміздегі ет пен сүт өндірісіне айтарлықтай залал келтіруі мүмкін екенін айтады
Жедел дерекке сәйкес, су басқан өңірлерден 30 мың бас мал қауіпсіз жерге айдалған. Ал өлген малдың саны белгісіз, жергілікті атқарушы органдар деректерді анықтап жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі су басқан өңірлерден шамамен 30 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеді. Тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін екенін ескеріп, бұл жұмыс әлі де жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қазір өлген мал саны есептеліп, деректер нақтыланып жатыр. Су тартылғаннан кейін министрліктің эпизоотияға қарсы отряды облыс әкімдіктерімен бірлесіп өлген жануарларды жинап, жоюға кіріседі. Бұған дейін су тасқыны салдарынан ТЖ режимі кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленетіні туралы айтылды. Алайда мал басы үшін өтемақы қандай мөлшерде болатыны әзірге белгісіз.
Қазақстанның фермерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуовтің пікірінше, үкімет мал шығынын толық өтеуі керек.
«Менің ойымша су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары мен фермерлерге көмектесу қажет. Атап айтқанда шаруалардың шығынын толық өтеу керек. Қарғын судан зардап шеккен облыстардың фермерлерімен күн сайын сөйлесіп жатырмыз. Ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер қаржы институттарынан несие алуға мәжбүр. Қаржы министрлігімен сөйлестік, шаруалардың алған несиесін қайтару мерзімін 2 жылға ұзарту қажет деп ойлаймын. Ондай көмек болмаса, фермерлердің жағдайы мүшкіл болады. Өйткені Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы және басқа су басқан өңірлерде халық қолда бар малынан айырылып қалды. Сол мал шығыны толық өтелуі керек деп есептеймін», - деді ол.
Айта кетейік, елімізде 2012 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесі жануарларды есепке алу дерекқоры құрылған. Мал иелері төрт түлігін аталған жүйеге тіркеп, бірізділендіру үшін сырға немесе бирка қолданылуы керек. Алайда еліміздегі барлық жануар аталған жүйеде тіркелмегенін атап өткен жөн. Мәселен, жақында Ұлытау облысында 1500-ге жуық жылқы өлгені анықталып, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде тіркелмегені белгілі болды. Осы орайда «су тасқыны болған өңірлердегі тіркелмеген жануарлар үшін өтемақы қалай берілуі керек?» деген сұрақ туындайды. Ермек Әбуов өтемақы малдың нарықтағы бағасымен бірдей болуы керек деп есептейді.
«Мал шығыны бірдейлендіру базасына сүйеніп айтылады ғой. Қазір министрлік пен әкімдіктер жұмыс істеп жатыр, нақты қанша малдың кеткені белгілі болады. Бірдейлендіру базасында тіркелген малдар проблема тудырмауы керек. Бірақ мал шығынын толық нарықтағы бағамен төленуге тиіс. Егер сиырдан айырылған болса, оның нарықтағы бағасы нақты анықталуы керек. Фермерлер бұрынғы малының орнына мал сатып ала алатындай болуы керек. Төрт түлік малды өсірудің машақаты көп. Жыл 12 ай бойы бағып, күтіп отырғанда табан астындағы су шайып кетті. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен трагедия. Малға қарап, жан сақтап, баласын оқытып отыр», - деп толықтырды сөзін.
Сонымен қатар сарапшы малдың жаппай қырылуы еліміздегі ет пен сүт өндірісіне айтарлықтай залал келтіруі мүмкін екенін айтады.
«Әр өңірдің ерекшелігі әрқалай. Қаншасы сүт беретін, ал қаншасы ет беретін мал кеткенін анықтау керек. Айталық, егер сол өңірде осы күнге дейін сүт тапшылығы байқалып келген болса, сүт өндірісі мен бағасына әсер етуі мүмкін. Ірі қара мен қой көп кетті. Ол да нарыққа әсерін тигізбей қоймайды. Малдың нақты шығыны су қайтқан соң белгілі болады. Бірдейлендіру базасы бар.
Алайда біршама мал сумен ағып кетті, бастауы Ақтөбеден деп алсақ, Атырауға дейін 1200 км дейін. Ол малды енді таба алмайсың. Егер құзырлы органдар тарапынан малдың сырғасы керек деген талап болса, ол дұрыс емес. Оны иесі қайдан табады? Мыңға жуық қой, 200-ге тарта қара малы кеткендер бар. Бұл сан әлі де көбеюі мүмкін. Түптеп келгенде нарықта тапшылық болып, ет бағасы қымбаттауы мүмкін», - деді Ермек Әбуов.
Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының жем-шөп өндіру және жайылым бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Мелдебекованың пікірінше, мал шығыны өңірдің нарықтағы құнына сәйкес есептелуі керек.
Біздің ойымызша, мұндай су тасқыны малдың қырылуына әкеледі, бұл өз кезегінде малшылардың материалдық жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты су басқан өңірлердегі фермерлердің мал шығынын сол өңірдегі нарықтық құнына сәйкес өтелуін орынды деп санаймыз, - деді ол.
Сондай-ақ қарғын су салдарынан биыл арамшөп көбейіп, жем-шөп дайындауда қиындық туындауы мүмкін екенін айтты.
Биыл еліміздің кейбір өңірлерінде болған су тасқыны ауылшаруашылық жерлеріне әсерін тигізетіні сөзсіз. Су тасқыны салдары топырақтың жылу режиміне теріс әсерін тигізіп, соның салдарынан өсімдіктердің тұншығуы мен өлуіне кері әсерін тигізіп, табиғи жем-шөп алқаптарында шөп шабу және мал жаю кезеңдерін қысқартады. Топырақтың механикалық өңдеуін қиындататып, керісінше арамшөп түрлерінің көбеюіне кері ықпалын туғызады, - деді институт Нұргүл Мелдебекова.
Үкіметтің хабарлауынша, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде қарастырылған. Алгоритмге сәйкес: