×

Есеп комитеті инвестициялық жобаларды іске асырудағы олқылықтарды анықтады

Аудит нәтижесі мен министрлік берген ақпарат толық сәйкес келмей отыр

 Ербол Тұрымбет 01.06.2022 | 10:18
көрнекі фото: Ақтөбе индустрилды аймағы

Есеп комитеті республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына енгізілген жобаларды іске асыру тиімділігін бағалау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектісінің активтерін басқаруды талдау қорытындыларын шығарды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚР ИИДМ) деректері бойынша 2014-2021 жылдары карталар шеңберінде жалпы сомасы 7 791,1 млрд теңгеге 1037 жоба пайдалануға берілді, 128 279 жұмыс орны құрылды.

Алайда, аудит нәтижелері көрсеткендей, ИИДМ атынан инвестициялық жобаларды үйлестіруге жауапты уәкілетті органдар және Ұлттық экономика министрлігі карталардың инвестициялық жобаларын іске асыруды үйлестіруді толық көлемде қамтамасыз етпейді, бұны есептік ақпараттың нақты деректермен алшақтығы куәландырады.

ИИДМ Индустриялық даму комитетіне бекітілген Индустрияландыру карталарына енгізілген жобаларды іске асыруды үйлестіру жөніндегі міндет нақты өлшемшарттар мен мониторинг алгоритмін айқындамай орындалды.

Мониторинг жүргізу үшін әдіснамалық негіздің болмауы, сондай-ақ Карталарға енгізілген жобаларды іске асыруды үйлестіру жөніндегі жеткіліксіз және жүйесіз жұмыс проблемалық мәселелерді уақтылы анықтауға, оларды шешу жолдарын айқындауға, сондай-ақ Индустриялық даму комитетінде де, сол сияқты өңірлер деңгейінде де индустриялық-инновациялық саясатты жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік бермеді.

Бұдан бұрын ҮИИДМБ-да көзделген Индустрияландыру картасы жобаларының мониторингі үшін ақпараттық-талдау жүйесін енгізу жүзеге асырылған жоқ. Нәтижесінде, 2014-2021 жылдары жобаларды мониторингтеу осы мониторингті цифрлық қамтамасыз ету мүмкіндіктерін пайдаланбай жүргізілді.

Өңірлік карталарға кіретін бірқатар кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштері жүктеменің төмен болуына және шығарылатын өнімге сұраныстың болмауына байланысты жыл сайын төмендеп келеді. Бұл факт жобаларды жоспарлау сатысында олардың сапасыз пысықталғанын және мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің төмендігін айғақтайды.

Бұл ретте бастапқы перспективалығы мен рентабельділігіне, сондай-ақ көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан жекелеген жобалар шығынды болып шықты және жабылды (Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Солтүстік Қазақстан облысы).

Өңірлердің кәсіпкерлік басқармаларында көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жүйелі ақпарат жоқ, бұл өңірлерде жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша, оның ішінде Кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік карталарына енгізілген жобалар бойынша өздеріне жүктелген міндеттердің толық орындалмағанын білдіреді.

Мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жүйелендірілмеген. Бірыңғай есепке алу тетігі, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалдарымен өзара іс-қимылды үйлестіру жоқ.

Аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсынымдар берді, ИИДМ, әкімдіктерге, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға мемлекеттік аудит барысында белгіленген заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органға 3 бұзушылық фактісі бойынша материал жіберілді. Қазір бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзуға жол берген кәсіпорынның лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама