Halyq Uni логотип
×

«Қазақстан халқына» қоры су басқан ауылдарға үй салуға 5 млрд теңге бөледі

Қор су тасқынынан зардап шеккен ауылдық елді мекендерде 200 үй салуға болады деп есептейді

 Еркеғали Болатұлы 31.03.2024 | 16:50
«Қазақстан халқына» қоры су басқан ауылдарға үй салуға 5 млрд теңге бөледі
фото: Halyq Uni

Бүгін, яғни 31 наурызында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Олжас Бектеновтің кездесуі өтті. Бұл туралы ақпарат қордың Instagram-дағы парақшасына жарияланды.

Тұжырымдамаға сәйкес, қор мақсаттарының бірі – төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсету. Осыған орай, қор жалпы сомасы 5 млрд теңгеге Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсетеді.

Қайырымдылық көмек жергілікті атқарушы органдардың объективті тексеруі және ауылдық жердегі тұрғын үйді тиісті сараптама ұйымдары жарамсыз деп таныған жағдайда көрсетіледі. Растайтын құжаттар алынғаннан кейін қордың ішінде шешімді бекітудің тиісті рәсімдері жүргізілетін болады, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына жасалған қайырымдылық көмек көрсету тәжірибесіне сүйене отырып, қор су тасқынынан зардап шеккен ауылдық елді мекендерде 200 үй салуға болады деп есептейді.

«Қазақстан халқына» қоры президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел Үкіметінің су тасқыны жағдайын тұрақтандыруға бағытталған барлық іс-шараларын қолдайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама