Сарапшы соңғы 20 жыл ішінде Қазақстанда су қоймаларының түбін тазарту, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілмейтінін айтты
Қазақстанда 2010 жылдан бері көктемде болатын су тасқыны қалыпты жағдайға айналған. Мамандар қар тазалау мен су тасқынының алдын алуға бөлінетін қаржының игерілуін бақылау қиын екенін айтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбековтің пікірінше, 2010 жылдан бері Қазақстанда көктемгі су тасқыны қалыпты жағдайға, ал оның салдары ел үшін апатқа айналып келеді.
«Көктемде қар суының астында қалып, жазда қуаңшылыққа тап боламыз. Оның екі себебі бар. Бірінші себебі объективті – жаһандық жылыну болса, екінші себебі субъективті – билік органдары, оның ішінде облыс әкімдіктерінің жұмысындағы елеулі кемшіліктер. Әрине, біріншісі себеп болуы мүмкін, бірақ оның үлесі сонша көп емес. Өз тәжірибеме сүйене отырып, басты себебі облыс әкімдіктерінің кемшіліктерінде екеніне сенімдімін», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Төлеутай Рахымбеков су объектілері аудан әкімдіктерінің коммуналдық меншігінде болмауы керек деп есептейді.
Аудандар немесе облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің, одан да көп ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің коммуналдық меншігінде су объектілері болмауға тиіс. Мен кейбір облыстарда су қоймасы ауыл әкімдерінің меншігінде болған жағдайларды кездестірдім. Бұл Су кодексіне қайшы келеді, - деп қосты ол.
Сондай-ақ сарапшы соңғы жылдары көктемгі су тасқындары адами факторға байланысты болып отырғанан атап өтті.
«Бұрын тасқын судың көп бөлігін әр ауылдың жанында орналасқан шағын су қоймалары ұстаған. Кез келген инженерлік құрылым сияқты, олар тозуға бейім, түбі шлам мен құмға толады. Нәтижесінде су кетіп, соңында бұл бөгеттер бұзыла бастайды. Сонымен қатар, бұл су қоймаларының көп бөлігі мүлдем есептен шығарылған. 1991 жылға дейін су қоймаларының түбін тазарту, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырды. Өкінішке орай, соңғы 20 жыл ішінде бұл жұмыстар тоқтатылды. Шамамен 2010 жылдан бастап су тасқыны жиілеп, қалыпты жағдайға айналды», - деді ол.
2023 жылы «Ауыл» партиясының ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету жөніндегі өткізген республикалық жиналысында еліміздегі 2-3 облыста өңірлік су шаруашылығы мекемесі бары анықталған. Сондықтан әр өңірдегі су объектілерін түгендеп, жөнге келтіру керек деген пікірде.
«Біріншіден, барлық су объектілеріне, ең алдымен ауылдардың жанындағы шағын су қоймаларын түгендеу қажет. Екіншіден, қажет болған жағдайда оларды мемлекеттік тіркеуден өткізу керек. Әйтпесе, егер объект тіркелмеген болса, онда жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен ақша бөлу мүмкін емес. Үшіншіден, су объектілерінің техникалық жай-күйіне зерттеу жүргізу керек. Төртіншіден, жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірлеу қажет. Бесіншіден, жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджет қаражатын бөлуге өтінім беру керек. Су объектілерімен, әсіресе ауылдардың жанындағы шағын су қоймаларын тек су тасқынына қарсу тұру үшін түгендемеу керек. Бұл шағын су қоймаларын кейіннен ауыл шаруашылығында жинақталған суды пайдалану үшін тасқын суларды жинау үшін пайдалануға болады», - деді Рахымбеков.
«ЖЕМҚОРЛЫҚ БАРДА СУ ТАСҚЫНЫ ДА БОЛАДЫ»
«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов Қазақстанда жемқорлық барда су тасқыны да азаймайды деп есептейді.
«Былтыр Қазақстанда қар тазалауға және су тасқынына қарсы іс-шараларға 7,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, игерілген. Мен санитарлық тазалау мен автомобиль жолдарын күтіп-баптауға бөлінген қаржыға қосылған қар тазалау туралы айтпаймын. Жыл сайын қыруар қаржы игеріледі. Мысалы, тасқын көп болған облыстардағы қар тазарту бойынша сатып алу сомасын қараңыз: Қостанай облысы – 387 650 277 теңге, Батыс Қазақстан облысына – 329 090 767 теңге, Ақтөбе облысы – 210 795 219 теңге. Әрбір ауылда әрбір теңге үшін толық ауқымды қоғамдық бақылау қажет», - деді Дидар Смағұлов.
Мемлекеттік сатып алулар бойынша сарапшы Ербол Сардарбеков қар тазалау мен су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шараларға бөлінген қаржыны бақылау қиын екенін айтады. Оның себебін қар тазалау мен оны шығаруға конкурс түрлі әдіспен өткізілетінімен түсіндірді.
«Порталда тауар мен қызметтің арнайы коды бар. Ол код қар тазалауға бөлек, санитарлық тазалық, абаттандыру мен жолдарды күтіп-ұстауға бөлек жүреді. Мысалы, техникалық сипаттамада жолдады күтіп-ұстауға конкурс өткізетін кезде оған қыс мегзілінде қар тазалау қызмет ретінде кіреді. Ал санитарлық тазалықта тек қана қар тазалау ғана емес, бірнеше қызметті қамтуы мүмкін. Оған кіріп қардың қалай тазаланғанын анықтау қиын. Яғни, тапсырыс берушілер нақты қар тазалауды емес, басқа пунктерді таңдап, адастыруы ықтимал. Қар тазалау әр сатып алудың ішінде болса, жеткізуші қар тазалау үшін жауап бергенін немесе басқа қызмет үшін есеп бергенін анықтау қиын», - деді ол.
Сарапшы жұмыстың орындалып-орындалмағанын тек елді мекен тұрғындары ғана бақылай алады деп есептейді.
Өйткені мемлекеттік органдар қар күреліп, шығарылғанын сол жерге барып көруі керек. Бұл қосымша ресурсты талап етеді. Егер әр қызметті тек жеке алып, есебін тапсыратындай етсе, онда бөлінген қаржының ашықтығын анықтау оңай болатын еді. Немесе қыс кезінде абаттандыруды алайық, қыс мезгілінде қар тазалаумен бір компания, ал абаттандырумен басқа бір компания айналысса, нақты істелген жұмыс көрінеді. Егер екеуін бір компания алса, нақты ненің істеліп, ненің істелмей қалғанын анықтау қиын, - деп қосты сарапшы.
Сонымен қатар, ол елімізде қар тазалаудың есебін өзгерту қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, қазір қолданылып жүрген есепті қайта қарау қажет.
«Бүгінгі күні қар тазалайтын көліктер GPS навигаторды айналдырып жүреді. Жалпы қар тазалау жүйесін өзгеру қажет. Қазіргі есебі дұрыс емес. Себебі тазаланатын ауданның текше метр, жолмен немесе GPS-пен есептей ме, белгісіз. Мысалы бір аумаққа белгілі бір соманы сұрайды, ал ол соманың қалай есептелетінін білмейміз. Есебі ашық емес. Оны дұрыстау үшін нормативтік нормаларға өзгеріс енгізу керек. Сонымен қатар, ең бастысы ол есепті ашық қылып, порталға енгізу қажет. Қазір конкурс бір жақта, есебі бір жақта, жұмысы келісімнің ішінде, ал нақты жұмыстың істелгені беймәлім болып отыр. Менің естуімше, кейбір есептер кеңестік кезеңде қалыптасқан. Кейбір көліктер есеп үшін GPS айналдырып жүреді. Ал, қазір соның зардабын қазақстандықтар тартып отыр», - деді Ербол Сардарбеков.