Елордалық сарапшылар жұртқа қаржылық сауаттылықты 5 күнде үйретіп шығармақ
Барлық ниет білдірушілер өз ісін ашу үшін бизнес-жоспар түзуді де үйренеді
Елде азаматтарға қаржылық білім беру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырыла бастады. Аталған жоба аясында Астана қаласы бойынша биыл 9 300 азаматты қаржылық сауаттылыққа оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазір оның 1500-ге жуығы семинарлардан дәріс алып шықты. Жалпы, жобаның мақсаты – мемлекеттік орындармен бірлесе отырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ету.
Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған курстар 5 күнге созылады әрі тегін оқытылады. Мамандардан құралған топ тек қалаларда ғана емес, 8 аймаққа шығып, соның ішінде ауылдық жерлерде оқу семинарларын өткізді. Онда азаматтар кірістер мен шығыстарды жоспарлау, несиелерді өтеу мен тәуекелдерді басқару, сондай-ақ жинақ ақшаларын қаржы құралдарына сауатты салу бойынша білім алуға мүмкіндік алады. Мұнда тек кеңес алып қана қоймай, барлық ниет білдірушілер өз ісін ашу үшін бизнес-жоспар түзуді де үйренеді.
Жоба шеңберінде қатысушылар білікті заңгерлердің ақысыз көмегіне де жүгіне алады. Мәселен, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қиын жағдайларға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданғаны белгілі. Ал қарызға белшесінен батқан жан осы санатқа кіре ме, жоқ па, ол мамандардың көмегімен анықталып, партия, әкімдік, банк бірлескен тобы азаматқа тығырықтан шығудың жолын нұсқауға көмек көрсетеді.
Мысалы, бір адамның басында 8 несиесі болуы мүмкін. Мұндайда мамандар оған бірінші кезекте қомақты қаражатты талап ететін несиесін алдымен өтеуге кеңес береді. Іс-тәжірибе нәтижесінде осындай қиындықтан шыққан адамдар бар», - деді AMANAT партиясыys4 Астана қаласы филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхаммед Болысбек.
Айта кетейік, Астана қаласында қаржылық сауаттылыққа үйрететін сарапшылар қызмет етеді. Олар әр аптада жаңа топты оқытып шығарып отыр.