Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысын көтеру керек – сенатор

Дәурен Ерболат

Білікті мамандар жұмыстан кетіп жатыр

фото: Halyq Uni

Сенатор Нурия Ниязова бүгінде балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысын көтеру керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Бүгінде бұл мұғалімдер жалақыны көтеруді реттейтін Үкімет қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ бұл тізімге денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтар да енбеген, - деді Нурия Ниязова. 

Депутат осыдан бір жыл бұрын осы мәселе көтерілгенін, бірақ Үкіметтің оны әлі шешпегенін атап өтті.

Бұрын жіберілген депутаттық сауалда мектеп мұғалімдерімен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімінде кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысын да теңдей көтеру керек деп жазылған. Олар – логопедтер, психологтар, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтер, монтессори мұғалімдері, музыка мұғалімдері. Үкімет осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр деп жауап берген. Бірақ бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы еш көтерілген жоқ, - деді сенатор.

Салдарынан қазір осы мекемелердегі білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатыр.

«Осыған байланысты тиісті министрліктерге атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде әзірленген тиісті зерттеулер туралы ақпарат беруді сұраймыз. Сонымен қатар ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат қажет», - деді Нурия Ниязова.