Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдарға 114,6 млрд теңге жәрдемақы төленді
Олардың саны шамамен 539,7 мың адам болды
Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 114,6 млрд теңге төленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен шамамен 101,4 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 13,2 млрд теңге әлеуметтік төлемдер іске асырылды.
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 539,7 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 194,6 мың адам болды.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер іске асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 89,3 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу, ал асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді 59,9 мыңға жуық отбасы алды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7%-ға өсті. Үкімет шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7%-ға артты.
Мәселен, жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері – 1-топ үшін 95 мың 496 теңге, 2-топ үшін 76 мың 397 теңге, 3-топ үшін 52 мың 89 теңге.
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 57 мың 905 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 57 мың 143 теңге болды.