Ақмола облысында білім бөлімінің 4 қызметкері жауапқа тартылды

Динара Амантай

Прокуратура мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің құқығын қорғады

Фото: Halyq Uni

Сандықтау ауданының прокуратурасы мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің құқығын қорғады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кәмелетке толмағандар құқығының қорғалуын талдау барысында 78 балабақша тәрбиеленушісіне азық-түлік үшін өтемақы төленбеу фактілері анықталды.

Ақмола облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, азаматтардың жекелеген санатындағы азық-түлік шығындары мемлекет есебінен өтеледі. Азаматтардың бұл санаттарына көпбалалы отбасылар, АӘК-ге мұқтаж отбасылар және халықтың осал топтарына жататын басқа да адамдар жатады.

Ал аудандық білім бөлімі көпбалалы аналар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларды азық-түлікке өтемақы төлеу тізіміне енгізбеген. Осылайша, олардың мектепке дейінгі ұйымдардан тегін тамақ алу құқығын бұзған.

Прокурорлық ден қою шаралары барысында балабақшалардағы 78 балаға азық-түлік шығындары өтелді. Бұзушылықтар үшін білім бөлімінің 4 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.