Банктер табысы қарызын жабуға жетпейтін азаматтарға несие ресімдей берген
Елдегі 500 мыңға жуық студенттің несиесі бар. Оның 47 мыңы – проблемалық несие. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл тізім ұзарып келеді.
Енді оқуын бітірмей жатып, қарызға батқан жастардың санын азайту үшін оларға несие беру тәртібі өзгермек. Өйткені қазір кей банк 18 жасқа толғандарға жұмысы жоқ болса да тұтынушылық несие беріп келген.
Жастарға несие берудің динамикасын қарасақ, проблемалық қарыздардың үлесі артып келеді. Қазір 11%-ға дейін жетті. Сол себепті енді жастар үшін несиелерді ресми түрде тіркелген табыстары, кірістері болса, тек қана сол кезде қаржы ұйымдары береді. Бұл 18-21 жас арасындағы азаматтарға арналған, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Ал жұмысы жоқ студенттер үшін төлеу мерзімі өтіп кеткен берешектерді реттеу тетіктері бар. Ол үшін студенттер банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына арыз жазуы керек. Сонда оларға жаңа төлем кестесі жасалады.
Сарапшылар болса, мәселені шешу үшін несие беру жасын шектеуді ұсынып отыр.
Маған микроқаржы ұйымдары мен банктерге жарты миллион теңге берешегі бар студенттер келіп, кеңеседі. Ата-наларына айтуға қорқады. Ал өз еркімен мәселені шеше алмайды. Сондықтан мен 21 жасқа дейін несие бермеу керек деп есептеймін. Қазақстанның банк жүйесінде мұндай тәжірибе бұрын болған. Сондай-ақ тексеру кезінде табысы қарызын жабуға жетпейтін азаматтарға банктің қалай несие ресімдейтіні түсініксіз. Жұмыс істесе де, істемесе де 21 жасқа дейін несие рәсімдеуді заң жүзінде шектеу қажет, - дейді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.
Жастарға несие беруді шектеу туралы депуттар да айтқан. Бірақ Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы «несие алу – әр адамның конституциялық құқығы» деп отыр. Сондықтан студенттер үшін тек табыс жағынан шектеу болады. Оның өзінде шәкіртақылары ресми кіріс болып қала береді.