Аталған елдермен арада тиісті келісімшарт жасалған
Еліміз Әзербайжан мен Грузияға пияз экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Шынымен алдыңғы жылдары баға көтеріліп, шаруашылықтар пияз еге бастады. Жалпы әлемде пияз бағасы төмендеп кетті. Өйткені, экспорт та төмендеді. Алдыңғы жылдары 180 мың (тонна пиязды) экспортқа жіберсек, биыл 117 мың (тонна пиязды) экспортқа жібердік, төмендеу – 70 мың тонна. Сондықтан баға төмендеп кетті. Бірақ бұған қарамап отырған жоқпыз. Сауда және көлік министрліктерімен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. 160 мың тонна пиязды Грузия мен Әзербайжанға сатуымыз керек. Олармен келісімшарт бар. Қазір логистика бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Айдарбек Сапаров Үкіметтің баспасөз орталығында.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 450 шаруашылық иесі 138 мың тонна пиязын қайда өткізерін білмей, мемлекеттен көмек сұрады.
Бұған дейін Жамбыл облысы шаруаларының пиязы көбіне Ресейге экспортталып келген. Бірақ былтыр солтүстіктегі көршінің өзінде пияз бітік шығып, сұранысы күрт төмендеген.