×

Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының 75%-ы тозған – Олжас Бектенов

Премьер-министр шаруаларға жаңа техника алуға жағдай жасауды тапсырды

 Дәурен Ерболат 26.03.2024 | 11:14
көрнекі фото: Halyq Uni

Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының 75%-ы тозған. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр бүгінде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы өткір проблемаға айналғанын мойындады.

«Қазіргі таңда жалпы техника паркінің 75%-дан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Диқандарға жаңа техника сатып алу жеңілдетіп, жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс. Бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Үкімет басшысы шаруалар субсидияны уақытында ала алмай отырғанын атап өтті.

Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіріп жатыр. Былтырғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді, - деді премьер-министр.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне және «Бәйтерек» холдингіне 1 мамырға қарай ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөлуді тапсырды. Түпкілікті қарыз алушы үшін оның ставкасы 5%-дан аспауға тиіс. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қосымша серпін береді.

Айта кетейік, биыл көктемгі егіс науқанына 149,9 мың трактор, 5 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 76,4 мың тұқым сепкіш, 219,1 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылған. Бүгінде техниканың науқанға дайындығы – шамамен 85%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама