Антикор 17 ұсыным енгізді
Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен Қоғамдық кеңес жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Іс-шараға ведомство басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ләззат Бақтыбаева, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров, аталған комиссия мүшелері және облыстың спорт, білім басқармаларының басшылары қатысты.
Отырыста өңірлік Антикор басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков облыстың дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен оған қарасты мекемелердің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, оның ішінде қаржылық жоспарлаудағы, «Қайсар» футбол клубы қызметіндегі және спорт мектептеріндегі тәуекелдер мен проблемалық мәселелері атап өтілді.
Мысалы, талдау барысында өңірдің бірқатар спорт мектебінің есепшілері бюджет қаражатын өз есепшоттарына артық аударып алу, оқу-жаттығу жиындарына бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану, еңбекақы лимитін сақтамау, жаттықтырушылардың жалған дипломмен жұмыс істеу және т.б. фактілері анықталғаны белгілі болды. Салдарынан бұл салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және алдын алу мақсатында департамент 17 ұсыным енгізді.
Сонымен қатар, білім беру саласында бюджет қаражатын жоспарлау және игеру барысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиын барысында облыстың спорт және білім басқармасы басшыларының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша есептері тыңдалды.
Алдағы уақытта департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлескен жұмысты жалғастыратын болады.