Былтыр мемлекеттік мекемелер дәретхана қағазына жарты миллиард теңге жұмсаған
Биыл бес айда 400 млн теңгеге тапсырыс берген
Биыл жыл басынан бері Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар порталында мемлекеттік мекемелер 400 млн теңгеге жуық сомаға дәретхана қағазын сатып алуға тапсырыс берген.
Мемлекеттік сатып алулар порталында 2021 жылы қазақстандық мемлекеттік органдар мен мекемелер дәретхана қағазын сатып алу үшін 6556 тапсырыс орналастырды. Нәтижесінде 507 287 303 теңгеге тауар сатып алынған. Дәретхана қағазын сатып алуға қаржыны ең көп жұмсаған мекеме – Президент әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы. Мемлекеттік кәсіпорын былтыр 31 208 680 теңгеге қағаз сатып алған.
Сондай-ақ «Астана халықаралық әуежайы» АҚ 14 900 000 теңгеге тапсырыс берді. Қорғаныс министрлігіне қарасты 47558 әскери бөлімі екі түрлі сомаға екі рет тапсырыс беріп, біріншісінде 9 918 106 теңге, екіншісінде 7 777 152 теңге жұмсады. Бұған қоса Астананың шаруашылық басқармасы былтыр 7 120 000 теңге бюджет қаржысына әжетхана қағазын сатып алғанын байқауға болады.
Былтыр ең арзан сатып алуға қатысқан мекеме ретінде Ұлытау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-ді айтуға болады. Мектептің тапсырысы 40 теңгеге бағаланған.
Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу порталында 2022 жылдың бес айында орналастырылған сатып алуына шолу жасадық. Биыл бюджет есебінен дәретхана қағазын сатып алуға ең көп қаржы жұмсаған мемлекеттік мекемелердің рейтингін жасадық.
Айта кетейік, жыл басынан бері дәретхана қағазына 391 024 391 теңге қазына қаржысы жұмсалды. Бұл сомаға 3 326 тапсырыс берілді. Құны 176 теңгені құрайтын ең арзан тапсырысқа Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы Ұзынкөл ауылдық округі әкімінің аппараты берген екен. Ал ең қымбат сатып алу «Астананың шаруашылық басқармасы» ЖШС-ға тиесілі. Бұл мекеме 13 750 000 теңгеге тапсырыс берді. Одан кейін «ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы» РМК – 13 099 791 теңге, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 7 757 500 теңге, «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы» РМК – 6 700 446 теңгеге тапсырыс орналастырды.