×

Былтыр елімізде бір ғана әйелдің өзі 116 несие алған

Ал бір ер адам алған қарыздардың ең көп саны 69 заемды қамтыды

 Еркеғали Болатұлы 14.03.2024 | 16:35
фото: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың басында Қазақстанда 18-ден ересек 13 миллион адам болған. Басым көпшілігінің, яғни 53%-ының қолданыстағы қарызы бар. Олардың мойнындағы кепілсіз тұтынушылық несиенің (RETCON) жалпы берешегі 6,9 триллион теңгеге жеткен.

Ипотекалық несиелер (RETEST) мен автонесиелер (RETCAR) сомасы – әрқайсысы бойынша 1,6 триллион теңгеге тең болды.

Қаржылық реттеуші бұл соманың бұдан әлдеқайда көп екенін ескертті. Өйткені талдау «Отбасы банк» АҚ-ын қамтымаған. Ал бұл мемлекеттік банк аз қамтылған отбасыларға, әскерилерге, әйелдерге және басқасына арналған барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың бас операторы саналады.

Оны қоспағанның өзінде, қазақстандықтардың жекеменшік банктерге жалпы берешегі 10 триллион теңгеден асты. Сөйтіп, 2022 жылғыдан бірден 3,3 триллион теңгеге артқан.

Талдау қорытындысында белгілі болғандай, қарыз алып, қайтара алмай қалған жеке тұлғалардың 52%-ы – ер, 48%-ы – әйелдер болған. Бұл ретте ер адамдар 5 жыл ішінде дефолтқа түскен қарыздар EAD-сінің (DEFAULT EAD) 59%-ын қамтыды.

Ерлерге қарағанда, әйелдердің несиеге ұқыпты қарап, мезгілінде төлеуге тырысатыны байқалады.

Талдау барысында ерлерге берілген қарыздардың арасында жинақталған несиелік шығындар үлесінің (3-саты) 10,3%-ды қамтитыны анықталды. Ал әйелдерге берілген қарыздар үшін бұл көрсеткіш – 7,8%-ға тең. Демек, 3-сатыдағы қарыздардың үлесі арқылы бағаланатын несие сапасы ерлерге қарағанда әйелдерде жоғары. RETEST портфелінде ерлердің қарызы арасындағы 2 және 3-сатылардағы EAD үлесі әйелдер қарыздары арасындағы ұқсас көрсеткіштен 4 пайыздық тармаққа артық. Бұл ретте ерлер арасындағы 1-саты үлесі 8 пайыздық тармаққа төмен, – деп түсіндірді агенттік сарапшылары.

Тиісінше, әйелдерге қарағанда ерлердің несиесі көбірек кешірілген. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, есептен шығару статистикасында заемдардың саны бойынша да (52%), кешірілген берешектің сомасы бойынша да (59%) ерлер басым түсті. Ендеше банктердің ең жақсы тұтынушысы әйелдер болып отыр. Кешірілген немесе сомасы азайтылып төленген несиелердің 41 пайызы ғана әйелдерге тиесілі.

Соған қарамастан, банктер сомасы 15 миллион теңгеден асатын ірі несиелерді ерлерге көбірек береді. 2 миллионға дейінгі ұсақ заемдарда ғана әйелдердің үлесі басым.

Кешірілген несиелердің орташа көлемі ерлерде 545,5 мың теңгені, әйелдерде 438,3 мың теңгені қамтыған.

Әйелдердің дефолт алдындағы қарызы тек ипотека саласында жоғары.

Сонымен, елімізде ең көп несие алатын жастағылар анықталды. Ведомство борышкерлерді жас шамасына қарай да бөліп көрсеткен.

Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстанда жеке қарыз алушылардың көпшілігін «Миллениалдар» деп аталатын 1982-2000 жылдар аралығында туған адамдар қамтыған. Яғни, банктердің негізгі заемшылары да миллениалдар. Бір жақсысы, ғасырлар тоғысында туып-өскен бұл ұрпақ өзін жауапты тұлға ретінде көрсете алған. Соның арқасында миллениалдардың жалпы несиелік тарихы, несиелерінің сапасы басқа ұрпақтарға қарағанда жақсы.

Кепілдігі бар қарыздар бойынша дефолттар мен банкроттыққа көбінесе 1963-1981 жылдар аралығында дүниеге келген Х (икс) ұрпағының қарыз алушылары жол береді. Несиені кешірудің қызығын да солар көбірек көрген.

Ал кепілсіз қарыздар бойынша дефолттар статистикасында, керісінше, миллениалдардың, әсіресе, ер адамдардың қарасы қалың болып шықты.

1943-1962 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі кезеңде туған аға ұрпақ, яғни бэби-бумерлер арасында көбіне-көп әйелдер кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша дефолттарға тап болды.

Ал 2001-2005 жылдары туған Z ұрпақта, ерлері арасында да кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша дефолтқа душар болудың алғашқы деректері тіркеліп жатыр. Қарыз алушылар арасында әзірге бұл ұрпақтың қатары аз.

Банктерден несие алатындардың негізгі үлесі миллениалдарға тиесілі. Дегенмен, үш портфельдің ең үлкені – RETCON бойынша бэби-бумерлердің, әсіресе әйелдердің үлесі жоғары. Бұл әйелдердің өмір сүру жасының ұзағырақ болуымен түсіндіріледі. Алайда өткен жылмен салыстырғанда бэби-бумерлердің – соғыстан кейінгі жылдары туған ұрпақтың үлесі барлық портфельдер бойынша азайып кетті, – деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ведомство тосын жайтты да жария етті. Бұл ретте елімізде ең көп несие алған рекордсмендер анықталып отыр. Дербес құпияны ашпау үшін ведомство ол кісілердің атын атамады. Бір белгілісі, әйелдер арасындағы рекордшының басындағы несиелерінің саны ерлер арасындағы рекордшыдан 2 еседей асып түсті.

Орташа алғанда, Қазақстанда ерлер мен әйелдер 2 қарыздан алады. Алайда әйелдер негізінен өздеріне ұсақ қарыздарды көп ресімдейді. 2023 жылы бір ғана ер адам алған қарыздардың ең көп саны – 69 заемды қамтыды. Бұл алдыңғы жылғы ең көп қарыз алған ер адамнан 10 несиеге кем. Ал әйелдер арасында ең көп қарыз алған адам өзгермей қалды және ол 116 заемға ие, – деді агенттік мамандары.

Ерлер де, әйелдер де көп жағдайда тек 1 банктен несие алуды жөн көреді. Мәселен, әйелдер мен ерлердің шамамен 64%-ы тек бір банктің алдында қарыз. Әйелдер мен ерлердің екі банктегі несиесі бар үлесі – шамамен 26%. 3 банкке берешек болып қалған әйелдер мен ерлердің үлесі – шамамен 8%.

Ипотека, кепілзаты қойылған несиелер және өзге кепілсіз несиелер арасында әйелдердің 95,1%-ы қарыздың тек 1 түрін, 4,8%-ы 2 түрін иеленген. Ерлердің 93,5%-ы – 1, ал 6,3%-ы 2 түрі үшін қарыз алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама