×

Биыл қазақстандықтар зейнетақы қорынан 66,5 млрд теңге алды – Ұлттық банк

БЖЗҚ-да 18,4 трлн теңге бар

 Дәурен Ерболат 12.03.2024 | 10:33
фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері қазақстандықтар зейнетақы қорынан 66,5 млрд теңгені мерзімінен бұрын алған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл қаңтар-ақпанда Ұлттық қордың активтері 0,3% өсіп, 60,2 млрд доллар болған. Бұл ретте ақпан айының қорытындысы бойынша инвестициялық табыс 1,44% немесе 0,87 млрд долларға өскен.

Жыл басынан қорға түсетін түсімдер сомасы – 912 млрд теңге, оның ішінде ұлттық валютада 184 млрд теңге болды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі – 1 трлн теңге, - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ ол бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері оң динамика көрсетіп жатқанын атап өтті.

«Жыл басынан бері зейнетақы активтері 18,4 трлн теңгеге дейін немесе 3,6% өсті. Инвестициялық табыс көлемі – 151,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 196,4 млрд теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 66,5 млрд теңге болды», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама