×

Қосшыда ауызсу жүйесі құрылысы 8 жылдан бері аяқталмаған

Оған 2 млрд теңге жұмсалған

 Ербол Тұрымбет 11.03.2024 | 14:44
фото: gov.kz

Қосшыдағы тым созылып кеткен құрылыс нысаны туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков әлеуметтік желіге жазды.

2016 жылдың шілдесінде Целиноград ауданының әкімдігі жанындағы «Целиноград су арнасы» ШЖҚ МКК мен «Заводстрой» ЖШС арасында Қосшыда су тарту құрылыстарын, су тазарту станциясын және магистральдық су құбырын салу туралы келісімшарт жасалады. Ондағы мақсат – Қосшыдағы сапалы ауыз су мен су тапшылығы мәселелерін шешу. Келісімшарт құны 2 млрд теңгеден асады. Құрылыс жоспар бойынша 2016-2018 жылдар аралығында бітуі керек болған.

Қоғамдық ұйым өкілінің жазуынша, 2017 жылдың тамызында Целиноград ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М. Жаңабергенов тазарту жүйесі жобасы сәтті іске асса, құбыр суының сапасы TASSAY-дан кем түспейтініне, Қосшы ауылының тұрғындары 2019 жылға дейін сапалы ауыз сумен қамтылатынына сендіреді. Одан кейін мемлекет басшысының 2021 жылғы 27 шілдедегі Жарлығымен Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылды. Алайда 2024 жылдың 26 ақпанындағы жағдай бойынша құрылыс әлі аяқталмаған.

Қосшы кентінің әкімдігіне хабарлассақ, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Целиноград ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі екені туралы жауап алынды. Сонымен қатар, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 22 қазандағы шешімімен сот ТҮКШ-ын бас мердігерлерге орындалған жұмыстардың актісін төлеуге міндеттегені белгілі болды. Демек бұл мердігерге қарызы бар дегенді білдіреді, – деп жазды Дархан Құлжамбеков.

Ал су тазарту қондырғысы құрылысын аяқтауға жауапты тұлғаға қатысты сауалға Целиноград ауданының әкімдігі 2023 жылғы 25 қаңтардағы аталған нысанды Қосшы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы қаулысын ұсынған.

«Мәселенің шешімін іздеп, Қосшы тұрғындарына арналған су тазарту қондырғысының әлі күнге дайын болмауына кім кінәлі екенін білу үшін облыс басшысына хабарластық. Қазір құрылысына мемлекеттік бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған жобаны аяқтау мәселесі сол шешілмеген күйі қалып отыр. Енді Қосшыдағы 8 жылдан асқан су тапшылығына кім жауап беретіні беймәлім», – дейді Дархан Құлжамбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама