Түркістан облысы елдегі табысы ең төмен өңір болып шықты

Дәурен Ерболат

Ең жоғары көрсеткіш – Астанада

Фото: Halyq Uni

2023 жылғы үшінші тоқсанда қазақстандықтардың ақшалай табысы жан басына шаққандағы орташа есеппен 298,2 мың теңге болды, деп хабарлады Finprom.kz.

Бұл – 2022 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда бірден 21,5%-ға көп.

2023 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда, үй шаруашылықтарының табысы 5,1% өсті. Бір жыл бұрын жеке табыс өсімі бір жылда – 16,5%, бір тоқсанда 3,1% болған. Инфляция деңгейі 2023 жылдың үшінші тоқсанында жылдық мәнде 12,9% деңгейінде болды.

20 өңірдің тоғызында табыс орташа республикалық деңгейден жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астанада: орта есеппен жан басына шаққанда – 430,3 мың теңге. Бұл көрсеткіш – бір жыл бұрынғыдан 27% артық. Екінші орында Алматы қаласы тұр. Онда халықтың табысы бір жылда 34,1%-ға өсіп, 392,1 мың теңге болды.

Үздік үштікте Қарағанды облысы бар: бір адамға – 379,7 мың теңге, бір жылдағы өсім – 14,2%.

Алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан (361,4 мың теңге) және Ұлытау (353,3 мың теңге) облыстары да енді.

Халықтың табысы ең төмен өңір – Түркістан облысы: жан басына шаққанда – 212,5 мың теңге. Бұл 2022 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 35,8% көп. Одан кейін Жамбыл облысы (213,7 мың теңге), Шымкент (221,8 мың теңге), Қызылорда (226,3 мың теңге) және Жетісу (227,9 мың теңге) облыстары тұр.

Халық табысының құрылымында 75%-ға жуығы – еңбектен түскен табыс: 223 мың теңге. Бұл – 2022 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 23,6% артық. Оның 193,6 мың теңгесі жалдамалы жұмыстан, 29,4 мың теңгесі өзін-өзі жұмыспен қамтудан және кәсіпкерлік қызметтен түскен.

Табыс құрылымында әлеуметтік аударымдар 63 мың теңге болып, бір жылда 14,3% өсті. Оның ішінде зейнетақы – 50,2 мың теңге, жәрдемақы – 11,5 мың теңге, шәкіртақы – 1,1 мың теңге.

Туыстары мен жақындарынан түскен материалдық көмек, сондай-ақ алимент бір жыл ішінде 24,4% өсіп, 6,9 мың теңге болды.

Өзге табыстар – 5,2 мың теңге, оның 1,4 мың теңгесі – меншік табысы, 3,8 мың теңгесі – басқа да ақшалай түсімдер.