×

«Мобильді аударымдар айналымы – 80 трлн теңге». Жеке кәсіпкерлер салық төлемей жүр

Егер салық төленбесе, халыққа артық салмақ түседі

 Дәурен Ерболат 07.03.2024 | 12:10
фото: Halyq Uni

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары неге тексерілетінін тағы түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр орынбасарының айтуынша, бүгінде елімізде 1 млн 400 жеке кәсіпкер тіркелген. Бірақ оның жартысынан көбі салық төлемей жүр.

2023 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, 1 млн 400 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде нөлдік көрсеткішті 944 мың салық төлеуші көрсетті. Бұл – 67 пайызға тең. Ал 37 пайызы (жеке кәсіпкер) салық төлеп жүр. Қалған 67 пайызы салық төлемейді, нөлдік көрсеткіш көрсетеді. Ұлттық банктің дерегіне жүгінсек, банк карточкасы арқылы 55 трлн теңге аударылған, ал мобильді аударымдар айналымы – 80 трлн теңге. Түсінесіз бе? Алайда бұл қаржыдан салық төленбеген. Осылайша, жергілікті бюджетке шығын келіп жатыр, - деді Ержан Біржанов Сенат кулуарында.

Вице-министр жергілікті бюджеттегі қаржы әлеуметтік салаға жұмсалып, мектеп пен аурухана салынатынын жеткізді.

БАҚ өкілдері, сіздерден халыққа ақпаратты дұрыс жеткізуді сұраймын. Біздің ең бірінші стейкхолдеріміз – халық. Оларға осы қызмет керек. Олардың балалары жарық, жылы мектепте оқып, сапалы ем алуы қажет. Егер жеке кәсіпкерлер осы 80 трлн теңгеден салық төлемесе, олардың жағдайы қиын болады, - деді министрдің орынбасары.

Осыған байланысты Ержан Біржанов жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары тексерілетінін атап өтті.

Айта кетейік, кеше министрдің орынбасары мобильді төлемнің қандай жағдайда тексерілетінін айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама