Қарызы көп қазақстандықтарға микрокредит берілмеуі мүмкін

Дәурен Ерболат

Қазір микронесиесін төлей алмай жүрген 227 мың қазақстандық бар

көрнекі фото: Halyq Uni

Проблемалық несие санын азайту үшін қазақстандықтарға микрокредит бермеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Бейсенбаев қазақстандықтардың дені жалақыға дейін микронесие алуды әдетке айналдырғанын ашына айтты.

«Қазір азаматтардың көбі жалақыға дейін күн көру үшін микрокредиттер алуға мәжбүр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Өйткені, мұндай қарыздың пайызы аса жоғары. Тіпті, кейбір жағдайда 1 мың пайызға дейін жетеді. Қазір бұл – кепілсіз қарыз алудың өте оңай жолы. Ақша тез әрі қарыз алушының табыс деңгейі есепке алынбай беріледі. Дәл осы сегментте жастар өте көп кредит алып жатыр, ал кейбірінің басында 2-3 кредитке дейін бар. Әрине, кредиттің деңгейінің өсуімен проблемалық кредиттер саны да артып жатыр. Бүгінде проблемалық несиелер бойынша жалпы қарыз 1,7 трлн теңгеден асады. Осыған байланысты микроқаржылық ұйымдардың осындай микрокредиттер беруіне қойылатын талаптарды қатаңдату көзделе ме? Микронесие беруді алып тастау жағы қаралы ма?», - деді ол.

Депутаттың сауалына алдымен Мәжілістегі әріптесі Үнзила Шапақ жауап берді.

Бүгін заңнамалық тұрғыда жалақыға дейін микрокредит беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол 45 күнге дейін 50 АЕК сомасында беріледі, бұл – 184 600 теңге. Бұл шағын несиелер қарыз жүктемесін тиісті бағалаусыз қашықтан беріледі. Сондықтан бүгінде бұл сегментінде 60 компания жұмыс істейді. Олар жоғары ставка бойынша тұрғындарға микрокредитті бере береді, - деді депутат.

Үнзила Шапақ аталған проблема заң аясында қаралып жатқанын жеткізді.

«Бүгінгі заң жобасында («Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») проблемалық берешектің өсуіне жол бермес үшін жеке тұлғаға, егер оның бұрын алған қарызы болса, күнтізбелік 90 күннен кешіктірілген берешегі болса, мұндай жағдайда микрокредит алуға тыйым салу туралы норманы енгізу жағы қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ қарыз алушының борыштық жүктемесін төмендету үшін шарттың қолданылу мерзімін бірнеше рет ұзарту және оны ұзартқан сайын алатын кредиттік алымды алып тастау туралы ұсыныс берілген. Депутаттар қарыздың бұл түрін (микронесие) мүлдем алып тастау туралы өз ұсынысын берген. Қазір бұл ұсыныс Үкіметтің қорытындысына жіберілді», - деді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова соңғы 2 жылда қысқа мерзімді онлайн кредит алушылар қатары күрт өскенін айтты.  

«Біріншіден, бұл проблемалық қарыз алушылардың саны өсті. Қазір онлайн микрокредит секторында 227 мың адамның проблемалық кредиті бар. Бұл бүкіл микроқаржы ұйымының секторының проблемалық қарыз алушылар санынан 80 пайызына тең. Бұл – өте жоғары.

Екіншіден, бұл секторда борыш жүктемесінің коэффициенті толық орындалмайды. Көптеген заңбұзушылық анықталды. Былтыр біз 77 микроқаржы ұйымын тексердік. Осылайша, 43 микроқаржы ұйымында айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталып, оларға айыппұл салынды. Нәтижесінде 13 компания лицензиясынан айырылды. Биыл біз қадағалау шаралары бойынша тексерісті қайта жүргіздік. Биыл ақпанда тағы 5 микроқаржы ұйымы лицензиясынан уақытша айырдық. Біздің ойымызша, қысқа мерзімге берілетін онлайн кредиттер – ең қауіпті, тәуекелі ең жоғары. Адамдардың құқығын қорғау үшін қысқа мерзімге берілетін кредиттердің ерекше түрін алып тастау керек деп санаймыз. Депутаттардың бастамасын қолдаймыз», - деп сөзін түйіндеді агенттік басшысы.