Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда алғаш рет: Қоғамдық ұйым Антикордың өңірлердегі жұмысын бағалайды

«Әділдік жолы» РҚБ ол үшін мемлекеттен қаражат алмайды

 Айнұр Шошаева 30.05.2022 | 15:56
Қазақстанда алғаш рет: Қоғамдық ұйым Антикордың өңірлердегі жұмысын бағалайды
Дидар Смағұлов, бірлестіктің атқарушы директоры

Қазақстанда алғаш рет қоғамдық ұйым Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменттерінің жұмысын бағалайтын болады, Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді.

 «Біз үшін мәртебе. Қарапайым тілмен айтсақ, осы уақытқа дейін біз Антикордың соңынан жүгіріп келсек, енді олар бізбен санасатын болады. Біздің әр сұрауымызды орындап, жауап береді дегенді білдіреді. Бұл мемлекеттік орган үшін де тиімді. Себебі олардың жұмысына объективті баға беріледі. Біз тек профилактикалық, яғни жемқорлықтың алдын алу жұмысын бағалаймыз. Қылмыстық істерге араласпаймыз, біздің құзыретімізге жатпайды», - деді Дидар Смағұлов.

Бірлестіктің атқарушы директорының айтуынша, өңірлердегі департаменттердің жұмысын бағалау бірнеше мәселені қамтиды.

«Бағалау кешенді жұмыстар арқылы жүргізіледі. Мәселен, әлеуметтік сауалнама жүргізуден басталады. Әртүрлі сала адамдарының жауабы алынады. Азаматтарды қабылдау қалай жүргізілетіні, қолжетімділігі, ашықтық пен БАҚ-тағы белсенділігі сараланады. Антикор оны жұмысына жұртшылықтың берген бағасы ретінде пайдаланады. Осы уақытқа дейін қоғамдық ұйым тарапынан мемлекеттік органжұмысын ресми бағалауы болмаған. Сондықтан мұны жетістік санаймыз», - деп толықтырды ол.

Дидар Смағұлов бұл жұмыстың тегін жүргізілетініне назар аударды. Айтуынша, қоғамдық бірлестіктің оған күші жетеді және бюджеттен қаражат керек емес.

«Әдістемесі әзірленіп, сауалнама сұрақтары дайын болған соң жұмысымызды бастаймыз. Себебі жұмысты жүргізу үшін ғылыми негіздеме керек. Бұл ертеңгі күні оның нәтижесін ешкім жоққа шығармауы үшін қажет. Нақты методика болған соң «Әділдік жолы» бағалауға кіріседі. Біздің ресурсымыз оған жетеді. Өйткені халықпен жиі кездесеміз, түрлі аудиториямен жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыстың бәрі тегін. Біз үшін мемлекеттік органның ашықтығы мен тиімді жұмыс істегені маңызды. Сондықтан бюджеттен ақша сұрамаймыз», - деп қорытындылады Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама