Компания халықтан негізсіз жинаған ақшаны қайта есептеу арқылы қайтарып беруге тиіс
Табиғи монополияларды реттеу комитеті астаналықтардан жылу үшін артық ақша алынғанын анықтады. «Астанаэнергосбыт» компаниясы айыппұл төлеп, мыңдаған адамның төлемін қайта есептеп шығуға міндетті, деп хабарлады комитеттің ресми сайты.
Қала тұрғындары қаңтар айындағы түбіртектерде жылу үшін ақының тым жоғары болғанына арызданды. Осыдан кейін комитеттің жергілікті департаменті «Астанаэнергосбыт» компаниясына жоспардан тыс тексеріс жасаған.
Оның қорытындысы бойынша есептеу құрылғылары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын сақтамау бөлігінде Қазақстан Республикасының Табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарын бұзу анықталды. Бұл жылудың негізсіз есептелуіне әкелді, - делінген ресми хабарламада.
Заң бұзған компания құқықбұзушылық жасау салдарынан алынған табыстың 10 пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ халықтан негізсіз жинаған 209 365 теңгені қайта есептеу арқылы қайтарып беруге тиіс.
Еске сала кетсек, үйге ортақ есепке алу құрылғысы орнатылмаса, жылу үшін төлемақы мөлшері есепке алу құрылғысы бар тұтынушылардікінен 20% жоғары болады.