Интернет алаяқтардан 850 млн теңге қайтарылды – ІІМ

Дәурен Ерболат

Бұл қылмыстан келген залал – 21 млрд теңге

Фото: Halyq Uni

2023 жылы елімізде интернет алаяқтардан 850 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 3 645 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл – жалпы қылмыстың 18%-ы және барлық алаяқтық дерегінің 43%-ына тең. Өңірлерде «Киберпол» мамандандырылған топтары жұмыс істейді. 2023 жылы олар 3,7 мыңнан аса қылмысты ашты. Қазақстандықтарға 850 млн теңге қайтарылды, - деді Айдос Рысбаев Мәжілісте.

Министр орынбасарының айтуынша, алаяқтық дерегі бойынша 1 891 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 460 адам 2 және одан да көп адамды алдаған.

Биыл интернет желісін мониторингтеу барысында Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттау үшін 6,1 мың интернет-ресурсқа қатысты ақпарат жіберілді. Оның ішінде алаяқтық белгісі бар 3 мың сайт, есірткі қылмысы бойынша 529 сайт, экстремистік сипаттағы 1,6 мың сайт бар, - деді ол.

Сондай-ақ Айдос Рысбаев интернет алаяқтық қылмысын тергеудің өте қиын екенін жеткізді.

«Мысалы, 2023 жылдың соңында Астанада алаяқтар жұмыс істеген 4 сall-орталық анықталды. Олардың қызметкерлері тек шетелдік нөмірлерден қоңырау шалған. Сонымен қатар интернет алаяқтық шетелден жасалады. Салдарынан қазақстандықтар зардап шегеді. Мысалы, Украинада Қазақстан азаматтарын алдаған ірі сall-орталық мүшелері ұсталды. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие болғандықтан, оларды тергеу өте қиын», - деді министрдің орынбасары.