Шымкентте ақша жымқырған балабақша иелері сотталды

Динара Амантай

Олар жалған құжат тапсырып, бюджет қаржысын иемденген

Фото: Halyq Uni

Қалалық прокуратураның мәліметінше, 4 жеке балабақша иелері бармаған балалар үшін жалпы көлемі 29,6 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде бюджетке келтірілген залал толық қайтарылды. Сот үкімімен 1 адамға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылса, 1 азаматқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Мәселен, Г.М. Рысбекованың меңгеруіндегі «Али мен Айя» бөбекжай-бақшасы» ЖШС 2020 жылдың наурызынан бастап, 2022 жылдың желтоқсанына дейін балабақшаға бармаған 15 бала үшін «барды» деген құжаттар тапсыру арқылы бюджеттен 8,7 млн теңгеден аса қаржыға ие болған.

Бұл қылмыс үшін соттың 2024 жылғы 23 ақпандағы үкімімен Г.М. Рысбекова ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылып, оған өмір бойы мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды атқаруға өмір бойы тыйым салынып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Мұндай қатаң үкімнің шығарылуы аталған тұлғаның бұрын да сотты болып, сот үкімі орындалуының кейінге қалдырылуы негіз болды.