Мемлекеттік сатып алу туралы шарттар негізсіз жасалған
Ақмола облысында прокурорлар болмаған төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша заңсыз жасасқан шарттарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Біржан сал ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізу барысында жергілікті атқарушы органның 3 млн теңгеден астам сомаға қызметтік автокөліктер мен ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс өткізбей, бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы 3 шарт жасағанын анықтады. Конкурс өткізбеу себебі ретінде төтенше жағдай салдарын жою қажеттілігін көрсеткен.
Алайда прокурорлар анықтағандай, Біржан сал ауданының аумағында төтенше жағдайлар жарияланбаған, яғни мемлекеттік сатып алу туралы шарттар негізсіз жасалған.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.