Атырауда бірнеше ай бойы жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылар шу шығарды
Жоба құны – 40 миллиард теңге үстінде
Атырауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 білім ошағын салып жатқан жұмысшылар бас көтерді. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Үш айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген 30-ға жуық адам жұмысты біржола тоқтатқан. Олар бала-шағаны бағу үшін қарызға белшеден баттық деп отыр. Сондықтан амалдың жоқтығынан көбі түнгі уақытта такси жүргізіп, жолаушы тасымалдауға көшкен.
JM Capital-да түрлі жұмысшы боп жұмыс істейміз. Атқаратын қызметіміз әртүрлі. Жалақыны әзірге жоқ деп отыр. Қашан беретінін де білмейміз. Олар да айтпайды. Осы жерге ақшамызды алу үшін келіп тұрмыз. Өзімнің жеке көлігім бар, таксист болып ақша тауып отырмын. Алты ай болды жұмыс істеп жатқаныма. Ақшамызды берсін деп талап етеміз», – дейді жұмысшы Сағат Берғалиев.
Жұмысшылардың тағы бірі өзінің жұмысқа 2022 жылдың соңғы айында орналасқанын айтады.
«Одан бері алып жүрдік. Қазір жалақы жоқ. Ақшаны кешіктіріп береді. Мына жерде тұрғандардың ешқайсысы да ақыларын ала алмай жүр. Зейнетақы жарнасы да тек бір-екі ай ғана аударылды. Ары қарай жоқ», – дейді Азамат Иманғалиев.
Жиналғандардың талабын тыңдауға құрылысқа жауапты компанияның басшысы келді. Ол жұмысшылардың жалақысы тек наурыз айында беріледі деп ашық айтты. Өйткені қазір компанияда қаражат жағынан қиындықтар туындаған.
Жалақы бойынша қазір мәселе қаралып отыр. Наурыз айында беруге тырысамыз. Тапсырыс берушіден ақша күтіп отырмыз, – деп түсіндірді «Каспий» кадрлық қауымдастығының директоры Еркінбек Нүсіпов.
Тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы мектептерді қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған дейді. Олар мердігер компанияға қаражаттың жартысын аударғандарын жеткізді және басшыларымен кездесіп, бұл мәселе шешіледі деп сендірді.
Қазір біз бәрін анықтаймыз. Жалпы, былтыр 50 пайыз аванс бердік. Компанияға, осы жағдайды жасап отырған құрылысқа барлығы жеткілікті. Не себепті ақша бермей жүргендерін білмеймін. Басшысына қоңырау шалып едік, қалада жоқпын деді. Шақырттық басшылықты. Кездесіп, шешеміз мәселені. Жұмыстар биыл тапсырылуға тиіс. Жоба құны жалпы 40 миллиард теңге үстінде, – деді «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ Атырау облысы бойынша басшысы Азамат Адамов.
Ал еңбек инспекциясындағылар тексеріс жұмыстарын жүргіземіз деп отыр. Айтуларынша, жұмысшылар тарапынан аталған компанияға қатысты шағым бұған дейін де бірнеше мәрте түскен.