Барлығын қосқанда, жалақысына 190 мың теңгеге жуық үстемеақы қосылады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң жобасы ғылым мен білім саласындағы заңнаманы жетілдіруді, олардың үстемақысын көбейтіп, шығармашылық демалыс беруді көздейді.
Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов заң жобасы мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыруға бағытталғанын жеткізді.
Заңда ғалымдар үшін жаңа үстемеақы енгізу қарастырылған. Бүгінде ғылыми-зерттеу институттарда немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаттары сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Ол баяғыдан бар норма. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру осы заң жобасында ұсынылып отыр, - деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жалпы ғалымдардың жалақысына 190 мың теңге үстемеақы қосылады.
Мысалы, қазір PhD, ғылым кандидаты ай сайын жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңгеге жуық үстемеақы алады. Енді оған доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың теңгеге жуық үстемеақы қосылады. Яғни ай сайын 92 мың теңгені айлығына қосымша үстемеақы ретінде алуға мүмкіндік беріледі. Ал енді ол ғылым докторы болса, қазір 130 мың теңгеге жуық үстемеақы алып отырса, онда ол бұл заң қабылданғаннан кейін профессор атағы үшін тағы да қосымша 60 мың теңгеге жуық үстемеақы алады. Барлығын қосқанда, жалақысына 190 мың теңгеге жуық үстемеақы қосылады. Бұл ғалымдарымызды қолдаудың маңызды тетігі деп санаймыз, - деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ ғалымдарға шығармашылық демалыс беру де қарастырылып отыр.
Депутаттар дауыс беру нәтижесінде заң жобасын қабылдады.