Қазақстанда миллиондаған теңге жалақы алатын мамандар белгілі болды

Еркеғали Болатұлы

Сауда компаниясының басқарма төрағасының айлығы – 5,8 млн теңге

фото: Halyq Uni

Қазақстанда бірнеше салада жалдамалы жұмысшылар 1 миллион теңгеден артық жалақы алады, деп хабарлады Finprom.kz.

2023 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың 6 саласында жоғары жалақы тіркелген.

Олар:

  • теңіз жүк тасымалы;
  • қаржы және сақтандыру қызметі;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру;
  • әуе тасымалы;
  • сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру;
  • бас компания мен басқару бойынша кеңес беру.

Мәселен, былтыр соңғы 4 айдың ішінде әлеуметтік сақтандыру саласында жалақының көлемі бірден 48,3 пайызға артып, 1,6 миллион теңгеге жеткен.

Ал миллиондап ақша алатын мамандықтардың ішінде:

  • сауда компаниясының басқарма төрағасы (5,8 млн);
  • тасымалдау саласындағы инженер (5 млн);
  • қаржы және сақтандыру компаниясының атқарушы директоры (4,8 млн);
  • құрылыс саласындағы коммерциялық директор (4,7 млн);
  • әуе көлігі мен халықаралық қатынастар бойынша маман (4,5 млн);
  • мұнай саласындағы компанияның бас директоры (3,9 млн теңге) бар.

Ең жоғары жалақы мұнай саласында тіркелген. Мәселен, мұнай өндіру компаниясының корпоративті хатшысы айына 2,2 млн теңге алады.

Бұдан бөлек,

  • ауызекі тілдің аудармашысы (1,8 млн);
  • диспетчер-оператор (2 млн);
  • маркетолог (1,5 млн);
  • сауда агенті (1,3 млн) жоғары жалақы алады.

Олардың айлығы министрлермен бірдей болды. 2023 жылдың соңында министрлердің жалақысы 1,4 млн теңге, ал облыстық маңызы бар қала басшылары 928,9 мың теңге алған.