Halyq Uni логотип
×

Лото клубтар казино тәртібімен жұмыс істеген: 600 млн теңге тәркіленді, 8 адам қамауға алынды

Былтыр «Әділдік жолы» бірлестігінің бастамасымен 76 қылмыстық іс қозғалған

 Ая Өміртай 23.02.2024 | 14:00

Жуырда Қазақстанда 300-ден астам лото клубтардың жұмысын заңсыз ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталған болатын. Бүкіл ел бойынша лото клубтардың жабылуына «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі үлкен ықпал еткен. Осы орайда «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы филиалының директоры, заңгер Бауыржан Мақұлбаевпен сұқбаттасуды жөн көрдік.

Сарапшы заңсыз ойын бизнесіне тосқауыл бола отырып, ең ауқымды қылмыстық істің ашылуына филиалдың қалай ықпал еткенін айтып берді. Заңгердің айтуынша, сыбайлас жемқорлық мәселесі мемлекеттік сатып алу саласында тыйылмай келеді. 

«Алматы оңтүстік астанамыз болғандықтан, ойынқұмарлық саласындағы лото клубтар кез келген жерге орналасып, кең тарағаны белгілі. Сондықтан біздің Алматы филиалы арнайы мониторинг жүргізе келе, лото клубтардың жұмысын зерттеуге кірісті. 2022 жылы «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ның лотерея ойындарын зерттей келе, оның казино тәртібімен аралас өтіп жатқанын байқадық. Соңғы лотерея ойындары қағаз күйінде Совет үкіметі кезінде ойнатылатын. Соның ізбасары деп айтуға да болады. Үкімет қаулысымен 2017 жылғы 10 ақпандағы №48 қаулысымен «Сәтті Жұлдыз» АҚ бірыңғай лотерея операторы болып айқындалды. Жұмыс істеу тәртібі күмән тудырған соң, 2022 жылы маусымда бас прокуратурасын шағым жолдадық. Прокуртура қызметкерлері бізге кері хабарласып, арнаулы органдармен оперативті шаралар қолданатынын хабарлады», - деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне.

Филиал басшысының айтуынша, аталған лото клубтардың жұмысында заңға қайшы тұстары көп болған. Осы негізде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, лотерея клубтарының атын жамылып жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жою операциясын өткізген.

Прокуратура жауабынан соң бір жарым жылдай күттік. БАҚ-та жариялағандай, ІІМ 326 клубтың ойынын тоқтатып, 570 нысанаға тінту жүргізген. Мұны жыл басталғалы бергі құқық саласындағы ең үлкен шара деп есептеуге болады. Нәтижесінде 600 млн теңгеден астам қаражат тәркіленді. Бұл – «Әділдік жолы» РҚБ бастамасымен жүзеге асқан ең ауқымды істердің бірі. Арнаулы операция өткізілгеннен кейін, менің өз атыма ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлері атынан жауап келді. Онда арнаулы іс-шаралар өткізіліп, 8 адам қамауға алынғандығы жөнінде хабарланған, - дейді Бауыржан Мақұлбаев.

Бауыржан Мақұлбаевтың айтуынша, «Әділдік жолы» РҚБ республика бойынша білім саласындағы ірі қылмыстық істердің әшкереленуіне де бастамашы болған.

«2023 жылы «Әділдік жолы» бірлестігінің барлық филиалының нәтижесіне қосқанда республика бойынша 76 қылмыстық іс қозғалды. «Әділдік жолы» РҚБ заңсыз ойын бизнесін тоқтату ісінен бөлек, республика бойынша білім саласындағы үлкен қылмыстық істердің әшкереленуіне себепші болды. Мәселен, Талдықорған қаласында бюджетке 4 млрд теңге шығын келтірген қылмыстық топ әшкереленіп, қазір сотқа берілді. Жемқорлыққа бейімделген, жемқорлық тәуекелдері бар қылмыс «Мемлекеттік сатып алу» заңының айнласында жасалып жатыр. Білім, денсаулық саласында, жергілікті органдардың басқармаларында кездеседі», - дейді филиал басшысы. 

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда арнайы аймақтан өзге жерде қызметіне заңмен тыйым салынғаннан кейін жасырын жұмыс істеуге көшкен казинолардың жұмысын жоюға түрлі кедергілер бар. Сондай-ақ, заңсыз ойын бизнесінің етек жаюының артында ықпалды мүдделер тұрғандығын атады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама