Елімізде 82 млрд теңге берешегі бар медициналық ұйым басшылары жауапқа тартылады
400-ден астам ұйым созылмалы несиелік қарыз алған
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында қарамағындағыларға мемлекеттік медициналық ұйымдардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін жақын арада шешуді тапсырды.
Ол медициналық ұйымдардың қарызы бар екенін айтып, бұл жағдайға тарифтердің жетілмеген жүйесі мен медициналық көмек көлемін айқындау ашықтығы себеп болғанын атап өтті.
400-ден астам медициналық ұйымның 82 млрд теңге созылмалы несиелік берешегінің пайда болу себептерін түсіну қажет, – деді министр өз баяндамасында.
Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта босатылған қаражатты басым бағыттарға қайта бөле отырып, емдеу-диагностикалық процестерді оңтайландыру жүргізіледі. Медициналық көмектің көлемін, шығыстарды және тарифтік саясатты жоспарлаудың бірқатар мемлекеттік функциясын Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына қайтару жоспарланған.
Сондай-ақ медициналық ұйымдардың басшылары өз кәсіпорындарының рентабелділігі мәселесін шешуі керек. Ал несие берешегінің қалай пайда болғаны егжей-тегжейлі тексеріліп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады, – деді Ақмарал Әлназарова.