«Бұл – тек басы ғана...»: Астанада гимназия қызметкерлері 128 млн теңге жымқырған
Олар мектепте жалған қызметкерлерді жұмысқа орналастырған
Бұл жағдай Астанадағы №5 гимназияда болған. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Елордалық экономикалық тергеу департаменті жүргізген тергеу барысында гимназияның бас есепшісі, есепшісі және іс жүргізушісі ресми құжаттарға көпе-көрінеу жалған мәліметтерді енгізіп, мектеп қызметкерлерін өтірік жұмысқа орналастырған. Оның ішінде жұмыс уақытын есепке алу табеліне, бұйрықтарға және еңбек шарттарына тиісті мәліметтерді жазып отырған. Сөйтіп, олардың есепшот карталарына гимназия шотынан жалақы мен басқа да түрлі төлем аударған.
Қоғамдық белсендінің жазуынша, 07.02.2024 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімі бойынша, бас есепші мен есепшіге 7 жыл, ал іс жүргізушісіне 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондай-ақ үшеуінен ұрланған 128 040 393 теңге қаражат мемлекет пайдасына өндірілген.
Енді қызығы, қазір бізге Астананың кейбір мектептеріндегі осыған ұқсас заң бұзу деректері бойынша көптеген ақпарат түсіп жатыр. Демек бұл жолғы анықталған қаражат – әлі талай беті ашылатын миллиондардың басы ғана, - дейді Дархан Құлжамбеков.
Оның жазуынша, 2023 жылы «№5 гимназия» КММ-нің қаражатын ұрлау дерегі бойынша қалалық прокуратура органдарына өтініш жазылған. Байқоңыр ауданының прокуратурасы сол гимназияны тексеріп, нәтижесінде анықталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 189 бабы 4-бөлігі 2-тармағы негізінде (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғаған.