×

Елімізде жұмыссыз жастарға 1 млн теңгеден беріледі – комитет төрағасы

Конкурс 25 наурызда басталады

 Еркеғали Болатұлы 19.02.2024 | 14:55
фото: Halyq Uni

Қазақстанда жастарға өз идеяларын іске асыру үшін 1 миллион теңге алуына мүмкіндік беретін жоба іске қосылды. Бұл бағдарлама туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жобаның уақытша жұмыссыз жүрген жастарға арналғанын айтты.

Бұл – жұмыспен қамту және білім беру салаларынан тыс, уақытша жұмыссыз, білім беру ұйымдарында оқымайтын, кәсіптік даярлықтан немесе қайта даярлаудан өтпеген жастар, – деді ол.

Zhas project қатысушылары жергілікті қоғамдастықтардың мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар ала алады.

Қаржыландыруды алу үшін қатысушылар мынадай талаптарға сәйкес келуі керек:

  • Қазақстанның азаматы болуы;
  • жасы – 18-ден 35-ке дейін (34 жас – қоса алғанда);
  • өтініш берген кезде өңірде тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы;
  • өтініш беру кезінде уақытша жұмыссыз жастар мәртебесінде болуы.

Конкурс 25 наурызда басталады. Өтініштер 24 сәуірде сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 15 мамырда жарияланады.

Жобаға барлығы 360 миллион теңге бөлінген. Оның 280 миллионын қатысушылар алады. Қалған сома түсіндіру жұмыстарына жұмсалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама