Halyq Uni логотип
×

«Көкшетау» жазуын қалпына келтіруге әкімдік 18 млн теңге бөлмек болған

Жиналыс нәтижесінде шарттың құны 4 млн теңгеге төмендетілді

 Еркеғали Болатұлы 18.02.2024 | 14:36
«Көкшетау» жазуын қалпына келтіруге әкімдік 18 млн теңге бөлмек болған
фото: vk.com

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Бұқпа тауындағы «Көкшетау» деген жазуды қалпына келтіру жұмысын мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізді.

Айта кетсек, былтыр шілде айында қолайсыз ауа райына байланысты «ТАУ» әріптерінің металл конструкциясы бүлінген болатын. Қаланың ТКШ бөлімі жел қиратқан әріптерді қалпына келтіру және қалған «КӨКШЕ» жазуын нығайту үшін бастапқыда 18 млн теңгеге жуық қаражат жұмсамақ болған.

Бірнеше коммерциялық ұсынысты зерделегеннен кейін мемлекеттік орган мердігермен бір көзден алу тәсілімен шарт жасасуға шешім қабылдады. Тараптар жұмысты орындау құнын 17,6 млн теңгеге бағалап, бұл жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Сонымен бірге, келісімшарт жасасудың заңдылығы және ұсынылатын қызметтің бағасына қатысты біраз сұрақтар туындады.

Мониторинг шеңберінде өңірлік Антикор өкілдері объектіге барып, құрылымды орнату және жөндеу барысын қадағалады. Сондай-ақ барлық мүдделі тараптың қатысуымен кездесу өткізіліп, онда департамент қалпына келтіру жұмыстарының бағасын төмендету және жазуды жөндеу сапасын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Нәтижесінде қала әкімдігі шарттың құнын 4 млн теңгеге төмендетті. Бұл қаражатты мәслихат сессиясы өткізілгеннен кейін қала тұрғындарының әлеуметтік қажеттілігіне бөлу жоспарланған, - деп мәлімдеді ведомство.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама