Мақтаарал ауданында ақша ұрлады деп айыпталған есепші өз-өзіне қол жұмсады
Жетісай ауданындағы білім саласының есепшілері де 530 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінген
Түркістан облысының Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшісі экономикалық тергеу департаментінің тексеруінен кейін өзіне қол жұмсады. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
Мақтаарал аудандық полициясы Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша («Өзін өлтіруге итермелеу») қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Олар оқиға 25 қаңтарда болғанына қарамастан, ақпаратты енді ғана таратып отыр.
Сондай-ақ Түркістан облысының білім басқармасы тексеру жүргізіп, экономикалық тергеу департаменті Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілеріне қарсы бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады деп жауап берді. Әзірше қанша сома жымқырылғаны белгісіз.
Қазір экономикалық тергеу бөлiмi Мақтаарал аудандық бiлiм бiлiмiнiң есепшiлiктерiне қатысты ҚР Қылмыстық кодексiнiң 189-бабы 4-бөлiгi 2-тармағындағы «Мемлекеттiк бюджеттен қаражат жымқыру» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексі 201-бабының 1-бөлігіне сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды, - делінген Түркістан облысы экономикалық тергеу департаменті хабарламасында.
Білім басқармасы қызметкерінің қазіргі жағдайы туралы түсінік беруден бас тартты. Сондай-ақ 17 ақпанда әлеуметтік желілерде ведомствоны небәрі 4 ай басқарған білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Әзірге ол ақпарат ресми расталмады.
Сонымен қатар Түркістан облысы Жетісай ауданындағы білім саласының есепшілері 530 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілініп отыр.