«Әділдік жолы» РҚБ бастамасымен Қазақстанда заңсыз жұмыс істеген 300-ден астам лото клуб жабылды
Жуырда Қазақстанда 300-ден астам лото клубтардың жұмысын заңсыз ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталған болатын. «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында бүкіл ел бойынша лото клубтарының жабылуына Қоғамдық бірлестіктің қалай ықпал еткені жайлы айтып берді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда арнайы аймақтан өзге жерде қызметіне заңмен тыйым салынғаннан кейін жасырын жұмыс істеуге көшкен казинолардың жұмысын жоюға түрлі кедергілер бар. Сондай-ақ, заңсыз ойын бизнесінің етек жаюының артында ықпалды мүдделер тұрғандығын атады.
– Бір ай бұрын Ішкі істер министрлігі ел бойынша 326 лото клубының жабылғаны туралы ақпарат таратты. Мұны «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асқан ең ауқымды кейс ретінде атадыңыз. Неліктен? Тексеру жұмыстарына қандай үлес қостыңыздар?
– Аталған мәселе бойынша «Әділдік жолы» 2022 жылы мәселе көтерді. Біздің кеңсемізге лото клуб қызметіне шағымданған азаматтар көп келді. Олар өздерінің 90 миллион теңгеге жуық қаржысы кеткенін, ақшасы қайтарылмаса өздеріне қол жұмсайтындығын айтты. Сондықтан осы мәселеге назар аудара отырып, зерттей бастадық. Біз бірнеше облыстарда орналасқан лото клубтарына арнайы барып, оған қарасты қандай ұйымдар бар, ережелері мен талаптары, ұту мүмкіндігі бар-жоғын тексеріп, терең зерттеу жүргіздік. Осыдан соң бұл лото клубтарының казино екені анықталды. Қазақстанда ойын бизнесі саласындағы қызметтің казино, ойын автоматтары залы, букмекер кеңсесі, тотализатор атты нақты төрт түрі жүзеге асырылады. Ал лотерея мен лотерея қызметі нақты заңмен реттеледі. Лотереяның казино ойындарынан айырмашылығы қандай десеңіз, лотереяда ұтыс мөлшері ойыншылардың санына байланысты анықталады. Әдетте мұнда жеңіске жету мүмкіндігін болжау мүмкін емес. Мезеттік және тираждық түрлері бар. Лотереяның негізгі қағидасы - қатысушылардың ұту мүмкіндігі тең болуы. Біз барғанда нені байқадық? Кей жағдайларда ұту мүмкіндігі автоматты түрде емес, бағдарламалау арқылы қолдан реттеліп отырған. Сонымен қатар жүлде қоры екі еселенеді деп ынталандыру да казиноның жұмыс істеу тәртібіне жатады. Сондықтан заң бойынша қандай келеңсіздіктер болып жатқанын сараптай келе, Бас прокуратураға арыз түсірдік. Арызды 2022 жылдың мамыр айында жібердік, маусым айында біздің өтінішіміз тіркелді. Бір жыл уақыт ішінде қоғамдық бірлестік сұратылған қосымша ақпараттармен қамтамасыз етіп отырды. Биыл 15 қаңтарда ІІМ лото клубтар жұмысының шектелгендігі туралы ақпарат таратып, осыдан соң бізге ресми жауап қайтарды. Онда екі қылмыстық іс тіркелгендігі және 8 адам ұсталғандығы туралы мәлімет көрсетілген. Сондықтан «Әділдік жолы» аталған мәселені соңына дейін жеткізді деп толық айта аламыз. Өйткені іс қозғалып жатқан бір жыл ішінде өзіміз зерттеген ақпараттарды беріп отырдық, ресми түрде бірден бір өтініш беруші біз болдық. Арыз беруші ретінде - «Әділдік жолы» Алматы қаласы филиалы лото клубтары жабылғанымен, дәл осыған ұқсас схемада жұмыс істеп тұрған өзге де клубтарды анықтап отыр.
Қазақстандағы лото клубтар 2018 жылдың 1 қазанынан бастап ұлттық лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ бақылауымен жұмыс істейді. Олар қалай рұқсат беріп отыр? Олардың жауапкершілігі қайда?
– Яғни, тиісті тұлғалардың барлығы жауапкершілікке тартылмай отыр ғой?!
– Иә. Қазір аталған іс бойынша тергеу кезінде, сот кезінде нақты ақпараттар шыға жатар. Бәрі уақыт еншісінде. Жалпы алғанда, бұл салада оң өзгерістер басталды деп айтуға болады. Осыған дейін 300-ден астам лото клубтардың жабылуы бұрын-соңды болған емес.
– Лотерея ұтыс ойындарын 30 жыл бойы ойнап жүргендер бар. Астананың өзінде «Сәтті жұлдыз» жарнамасы көрнекті орындардың барлығына дерлік орналастырылған. Аталған компанияның жұмысына қатысты нақты қандай заң бұзушылықтарды байқадыңыздар?
– Мысалы, іс қозғалған «Lotomatic» ЖСШ-ның жұмыс істеуіне «Сәтті Жұлдыз» АҚ рұқсат берді. Заңмен уәкілеттік берілген. Қазір оларға неге жауапкершілік артылмайды? Рұқсат берген оператор ретінде олардың да жауапкершілігі бар. Бұл үлкен сұрақ.
– Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған кімдер? Естуімізше арасында шетел азаматтары да бар екен.
– Бізге тек 8 адамның ұсталғаны жөнінде хабарлама берді. Полицияға жеткізілді. Арасында жай қызметкерлер де болған. Ұйымдастырушы, қылмыстық топ ретінде ұсталғаны сегіз адам. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
– Құзырлы органдардың лото клубтардан 23 қару, шамамен 600 миллион теңгені тәркілегені айтылды?
– Айына 6 млрд теңге табыс тауып отырған. Егер бір жыл үздіксіз жұмыс істесе, табысы 72 млрд теңгеге дейін жетеді. Тергеу ақпаратына сәйкес, 6 млрд теңге - айналымдағы қаржы емес, таза табысы.
– Ойын бизнесінен (казино, ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер және т.с.с.) мемлекеттік бюджетке түсетін пайда бар ма, әлде тек қоғам үшін әлеуметтік-тұрмыстық мазмұндағы проблемаға айналып отыр ма?
– Әрине, олар салық төлеп отыр. Бірақ бір қолымен беріп, екенші қолымен алып отыр. Өйткені зардап шеккендердің дені Қазақстан азаматтары. Олар ақша тігеді, кредит алады, ұрлыққа барады, өз баласынан ақша тартып алуы мүмкін. Өйткені бұл адамдар – лудомания дертіне шалдыққандар. Сондықтан бұл мәселені мемлекет реттеуі қажет. "Егер ойын бизнесі беретін жарнамаларды тоқтатар болсақ, медиа алаңдағы сайттардың жұмысы құлдырайды" деп жатады. Дұрысы – ақпараттық салаға мемлекет тарапынан бөлінетін бюджет саясаты ашық жүруі қажет. Меніңше, жарнаманы толық тоқтату, ойын бизнесі жарнамасына тыйым салу қажет.
– Құмар ойындарға баратындардың көбіне психикасының әлсіздігі себеп болатындығын атап өттіңіз. Соңғы дерекке сүйенсек, 350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойындарға тәуелді екен. Олардың әрбірінің орташа қарызы – шамамен 10 млн теңге. Құмар ойын бизнесіне шектеу қою, ішінара реттеу мәселесі қаншалықты маңызды? Алдыңғы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз.
– Өте маңызды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі деп айтуға болады. Өйткені қаншама азамат күнде болмаса да, айына бір рет келіп шағымданып жатады. Арасында 90 млн теңгеге пәтерін сатқандар да бар. Дерті бар қарапайым адам зардап шегіп жатса, келесі жақта үлкен жүйе мақсатты түрде жұмыс істеп отыр. Ойын клубтарына шектеусіз артықшылықты кім беріп отыр? Дұрыс жұмыс істемеген, жеке қызығушылығы бар мүдделердің кесірінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Қатаң жауапкершілік енгізу ісі кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Бір жылдан астам уақыт болды, Парламентте айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпқа айналды. Нәтиже жоқ.
Министрлік тарапынан да, арнайы қызығушылық бар. Мүмкіндігінше уақытты ұзарту. Лото клубтың айлық табысы 6 млрд теңге болса, букмекерлік кеңселердің табысы айына 60 млрд теңге болуы мүмкін.
– Халықаралық тәжірибені зерделесек, бірқатар елде мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында құмар ойын саласындағы қызметке қатысты неғұрлым қатаң шара қолданылады. Мәселен, қаржы ұйымдары интернет-казиноға бәс тігетін азаматтардың есепшоттарына қызмет көрсете алмайды екен.
– Ондай тәжірибе бар, бірақ бізде қолданылмайды. Атап өткенімдей, заң шеңберінде осы сұрақтар қаралуға тиіс еді. Азаматтар кредитке ұрынады, микро займға жүгінеді, қарызданады, түрлі жолын табады. Шет елдерде бес рет лотерея ойнасаң, соның бірінде ұту мүмкіндігі бар. Өйткені заңмен реттелген, қадағалау бар. Ешкім алдамайды. Бізде заңсыз болғандықтан, азаматтардың ұту мүмкіндігі жоқ. Лото клубтар мен заңсыз казиноларға алданып отырғанын түсінбейді.
– Ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасының әлі де кешіктіріліп жатқандығын айттыңыз. Демек, бұған мүдделі, ықпалды тұлғалар бар ма?
– Менің ойымша, әдейі істеліп жатқан дүниелер. Заң жылдам қабылданатын болса, букмекерлік кеңселердің пайдасы бірден азаяды. Өткен аптада депутат Асхат Аймағамбетов дәл осы мәселені көтерді. Заң жобасы бір жарым жылға кешіктірілді десек, осы уақыт аралығында кейбір адамдардың қалтасына шамамен 100-150 млрд теңге түсіп жатыр деген сөз. Сондықтан нақты біреудің мүддесін көздеп отыруы да мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!