Мүмкіндікке қарай өмір сүру керек
«ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев теміржолшылардың жалақасын өсіру жоспарда жоқ екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық компания басшысының пікірінше, қомақты қарызды төлеудің екі жолы бар.
Қазір компанияның қарызы – 2,9 трлн теңге. Оны тек екі әдіспен қайтаруға болады. Біріншіден, тарифті көтеру. Өйткені бұл ақша жаңа теміржол құрылысына жұмсалды. Алайда оның инвестициялық бөлігі тарифке қосылмады. Екіншіден, капиталдандыру есебінен қайтару. Мемлекет төмен тарифті ұстап тұрғысы келсе, онда ол бізге мұны субсидиялауы қажет немесе тарифті көтеруге рұқсат беруі керек. Басқа жол жоқ, - деді Нұрлан Сауранбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ ҚТЖ басқарма төрағасына «Сіз жалақы өсті деп айттыңыз... Алайда апта сайын Маңғыстауда, біресе Таразда теміржолшылар неге ереуілге шығып жатыр? Олар неге жалақысына қанағаттанбайды?» деген сұрақ қойылды.
Нұрлан Сауранбаев қазір ұлттық компания теміржолшылардың жалақысын көтере алмайтынын жеткізді.
«Мұндай мәселе бар. Бірақ біз мүмкіндігімізге қарауымыз керек. Біз (жалақыны) инфляция деңгейіне қарай көтере аламыз. Одан артық өсіре алмаймыз. Оны (жалақыны) бірден көтеріп жіберсек, Қазақстанда инфляция болады», - деді төраға.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚТЖ төрағасы теміржолшылардың жалақысы жоғары екенін айтып мақтанған еді.