Кейбіреулер шотындағы ақшадан да артық қаражат алғысы келген
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қаражатты пайдалану мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 9 күн ішінде жүзден астам өтініш түскен: білім беру ақысын төлеу – 54, тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша – 49. Бұл туралы БЖЗҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
БЖЗҚ өкілінің айтуынша, осы өтініштердің 63-і орындалса, 21-і қарастырылып жатыр. Тағы 19-ы қабылданбаған. Қабылданбау себептері: кейбірі бірнеше өтініш енгізген және қаражат көлемін немесе деректерін қате көрсеткен. Олардың өтінішін реттеп, қайта жіберуіне мүмкіндігі бар.
Кей азамат шотындағы ақшадан да көп қаражатқа өтініш берген. Мүмкін ол «тексерілмейді, немесе байқалмай, білінбей өтіп кетеді» деп ойлаған шығар. Бірақ оның бәрі қабылданбай, қайтарылды, – деді ол.
Мұрат Тұрсынұлының сөзінше, статистика бойынша балалары көп тұрғындардың дені (922 841 бала) Түркістан облысында. Оларға 92 млн 763 мың доллар есептелді. Соның ішінде 18 жасқа толатын 41 968 балаға 4 млн 218 мың доллар түсті.
Балалар саны бойынша екінші орында – Алматы қаласы. Онда 666 443 балаға 66 млн 990 мың доллар есептелген, оның ішінде 18 жасқа толатын 26 621 балаға 2 млн 675 мың доллар аударылды.
Үшінші орында Алматы облысы – 608 711 балаға 61 млн 187 мың доллар есептеліп, оның ішінде биыл 18 жасқа толатын 26 802 балаға 2 млн 694 мың доллар түскен.
Айта кету керек, Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы (50%) – 695,5 млн доллар бөлінетін 6 919 131 баланың ішінде 304 815 бала биыл 18 жасқа толады.