Шымкент әкімдігі мегаполистегі сквердің бір бөлігін кәсіпкерге заңсыз берген
Сот әкімдіктің әрекетін заңсыз деп таныды, ал сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ
Шымкент қаласындағы сквердің бір бөлігі жеке кәсіпкердің біріне заңсыз берілген. Бұл туралы ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас мемлекеттік инспектордың жазуынша, Шымкет қаласындағы А.Асқаров атындағы сквердің бір бөлігі жеке меншікке беріліп кеткені туралы БАҚ-та жарияланған.
«Осыған байланысты Шымкент қаласы жер ресурстарын басқару департаментінде, Шымкент қаласы әкімдігі және оның жер қатынастары саласындағы құрылымдық бөлімшесінде Жер заңнамалары талаптарының сақталуына тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру нәтижесі бойынша, Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімімен 2017 жылы мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жер учаскесінің орнына айырбастау келісім шарты негізінде жеке тұлғага А.Аскаров саябағы аумағынан 0,0400 га жер учаскесі құқыққа негізсіз рәсімделінгені анықталды», - деп жазды ол.
Департамент аталған учаске бойынша кәсіпкермен жасалған келісімді жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінген.
«Осыған байланысты, департамент тарапынан Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына, «жер учаскесін айырбастау келісім шартын және одан кейінгі түзілген мәмлелерді жарамсыз деп тану туралы» талап қою арызы жолданды. 2023 жылдын 7 желтоқсанында соттың шешімімен талап қою арызы толығымен қанағаттандырылды. Шешім заңды күшіне енбеген», - деп толықтырды сөзін Мұрат Теміржанов.