Оларды Мамлют, Шал ақын, Тайынша, Ақжар аудандарында жұмыс берушілер қанап келген
Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау бойынша қадағалау жұмыстары шеңберінде жеке табыс салығын және басқа да төлемдерді негізсіз ұстап қалу түрінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы СҚО прокуратурасы мәлімдеді.
Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандарында жұмыс берушілер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің 2022-2023 жылдар бойынша 346-бабын бұза отырып, мүгедек балалардың 74 заңды өкілінен жалпы сомасы 6,6 млн теңге жеке табыс салығын ұстаған. Ал шын мәнінде соңғысы оларды төлеуден босатылған.
Ақжар ауданында 19 мүгедекке қатысты Кодекс талаптарына қайшы көлік салығы мен мемлекеттік баж салығы заңсыз ұсталған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекеттік кіріс органдары жоғарыда аталған тұлғаларға 2,3 млн теңгені қайтаруды қамтамасыз етті, қалған сома бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау мәселесі прокуратураның ерекше бақылауында.