Елордалық мұғалім мектептің 400-ден аса құрал-жабдығын сатып жіберген
Мектеп қоймасынан ноутбуктен бастап квадрокоптерге дейін жоғалған
Елордадағы мектептердің бірінде 400-ден астам құрал-жабдық сатылып кеткен. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы бойынша филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Қоғам белсендісінің жазуынша, 2023 жылдың шілдесінде филиал атынан Астана қаласының прокуратурасына №5 гимназиясында нақты жұмыс істемейтін «қызметкерлерге» жалақы есептеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау, сондай-ақ мектептің тауарлық-материалдық құндылықтарын ысырап ету фактісі туралы хат жолданған (мымәселен, ноутбук).
Қоғамдық бірлестік өкілдері жолдаған ресми хат аясында тексеру жүріп, «жоқ адамдарға» заңсыз жалақы есептеп, бюджет қаражатын ұрлау фактісі толығымен анықталған.
Қалалық білім басқарамасының ресми жауабы бойынша, келтірілген залал шартты түрде 20 млн теңгені құрайды. Алайда аудит қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген залал 32 967 500 теңге болып шықты, яғни, осынша ақшаны қалтасына басып отырған.
Осы факті бойынша Байқоңыр ауданының прокуратурасы 2023 жылдың 9 тамызында Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізілді. Қазір сотта мектептің бас есепшісі, есепші және іс жүргізушісіне қатысты іс қаралып жатыр.
Ең бастысы, осы қылмыстық істі тергеу барысында мектептің информатика пәні мұғалімі 2021 жылдың қазанынан бастап 2023 жылдың ақпанына дейін мектептің қоймасына кіріп, сол жерден «Vovola» маркалы ноутбуктарды алып «OLX» жарнамасы арқылы сатып отырғандығы анықталған. Қаншасын сатқанын білмейді, – дейді Дархан Құлжамбеков.
2023 жылы жүргізілген түгендеу барысында мектепте жалпы 426 дана құрал-жабдық (ноутбуктар, компьютерлер, маршрутизаторлар, факс аппараттары, квадрокоптер) жетіспейтін болып шықты.
Осы дерекке қатысты 2023 жылдың 23 қарашасында қалалық полиция Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі бойынша тергеуді бастады.