Атырау әкімдігі тұрғын үй мәселесін бағалы қағаздар шығару арқылы шешпек
Атырау облысы әкімдігіне тұрғын үй құрылысына биыл 7,7 млрд бөлінді
Атырау облысы әкімдігі 2022 жылы мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы тұрғын үй құрылысына 7,7 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында тұрғын үйлер салуға қосымша қаржыны облыстық құрылыс басқармасы сұратқан. Бұл қаржы тұрғын үйлердің құрылысын ертерек бастау үшін сұралып отыр.
Облыстық мәслихат бұл сұранысты мақұлдап, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы бюджетке қаржы тарту туралы шешімді бекітті.
Осы шешімнің негізінде облыстық қаржы басқармасы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-дан төмен пайыздық мөлшерлемемен екі жылға өңірдегі тұрғын үй құрылысына 7,7 млрд теңге несие алды.
Облыстық қаржы басқармасы екі жыл облигацияларды нарықтағы айналымға шығару арқылы бюджетке қаржы тартпақ.
Қаржы басқармасы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-нан 7,7 млрд теңгенің 4,8 млрд теңгесін 4,25 пайызбен, қалған 2,9 млрд теңгені 0,35 пайызбен несиеге алған.
Басқарма несиені бұл компанияға тура екі жылдан соң, яғни 2024 жылдың 30 мамыры күні қайтарып беруге міндетті.
«Бүгінде бізде 4,8 млрд теңгенің мемлекеттік бағалы қағаздары шығарылды. Қалған 2,9 млрд теңгенің қағаздары бойынша Қаржы министрінің бұйрығы мемлекеттік тіркеуден өтіп, сауда-саттық өткізу туралы құжаттары Қазақстан Қор биржасы мен Бағалы қағаздар орталық депозитарийіне жолданды. Бұл сомадағы бағалы қағаздар мамыр айының 30 мамырына жоспарланды», - дейді облыстық қаржы басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаев.