Halyq Uni логотип
×

Еден жуушылар мен аула тазалаушылардың жалақысын 2 есе көтеру ұсынылды

Бүгінде олардың айлық жалақысы – шамамен 85 мың теңге

 Дәурен Ерболат 31.01.2024 | 17:00
Еден жуушылар мен аула тазалаушылардың жалақысын 2 есе көтеру ұсынылды
фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Қазақстандағы қарапайым еңбек адамдарының жалақысын 2 есе көтеруді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

AMANAT партиясы фракциясының депутаттық сауалы бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, ағаш шебері (плотник), сантехник, аула тазалаушы, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттыруға қатысты болды. 

Жыл сайын азаматтық қызметкерлердің жалақысы кішігірім өсіп келеді. Өкініштісі сол, бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, ағаш шебері, электрик секілді қарапайым еңбек адамдары азаматтық қызметшілер реестірінде болмауынан Үкімет тарапынан азаматтық қызметкердің айлығы өскенде, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді. Әсіресе, денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды істейтін жұмысшылардың айлық жалақысы төмен.

Мысалы, мектептердегі еден жуушы 82 856 теңге, электрик 81 575 теңге, аула сыпырушы 79 317 теңге алады», - деді Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған депутаттық сауалында, 

Оның айтуынша, қазір орта білім саласында осы санат бойынша 261 мыңнан аса жұмысшы бар. 

«Осының ішінде 254 мың адамның қолына тиетін айлық жалақысы – 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында. Біз өңірлерді аралағанда бюджеттік еңбек ұжымдарының барлығында осы мәселе көтерілді. 

Бюджеттік мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде 2 есе көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуға тиіс деп есептейміз. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет, - деді депутат.

Мәжілістегі АMANAT фракциясының депутаттары қарапайым жұмысшыларға лайықты жалақы төлеудің әділ әрі бірыңғай жүйесін құру жөнінде ведомствоаралық жұмыс тобын құруды алға тартып, төмендегі ұсыныстарын айтты:

  • Үкімет тарапынан барлық басқа да бюджеттік мекемелердегі жалақы теңсіздігін зерделеп, олқылықтарды жоюға шара қабылдауы үшін «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қаулысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін;
  • Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, еден жуушы, ағаш шебері, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарды есептесін. Республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстардың күрделілігіне сәйкес ұлғайтуды қарастырсын;
  • Оқу-ағарту министрлігі 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 Білім және ғылым министрі бұйрығымен бекітілген білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін қайта қарап, еден жуушы, ағаш шебері, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшыларды осы тізімге енгізуді қарастырсын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама