×

«Нартай мен Познердің айлығы – жер мен көктей»: сенатор БАҚ өкілдерінің еңбекақысын көтеруді сұрады

Өндіріс қызметкерлері деп, өндірістік талаптарға сай қаржыландыру керек

 Еркеғали Болатұлы 26.05.2022 | 15:56
фото: inva.kz

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Үкіметті БАҚ қызметкерлерінің жалақысын көтеруге шақырды. Себебі қазіргі реформалардың сәтті іске асуы оны халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарына тікелей байланысты.

Сенатордың айтуынша, сапалы хабар, пайдалы ақпарат бәрімізге керек. Бірақ БАҚ саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы республика бойынша орташа көрсеткіштен де төмен, 202 мың ғана.

Журналистер я бюджет саласының қызметкерлеріне жатпайды, я коммерцияға жатпайды. Бірақ қолымен де, миымен де жұмыс істейтін адамдарды, бәлкім, өндіріс қызметкерлері деп, өндірістік талаптарға сай қаржыландыру керек шығар деген ұсынысым бар, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ ол БАҚ саласында журналистермен қатар оператор, видеоинженер, монтажерлер мен жарықпен жұмыс істейтін мамандар да жұмыс істеп жатқанын алға тартты.

«Барлығының жалақысы өте төмен. Сондықтан біз реформалар жақсы жүрсін десек, бірінші кезекте бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерінің жалақысын дұрыстауымыз керек. Анау Нартайдың айлығы мен Познердің айлығын салыстырсаңыз, жер мен көктей», - деді сенатор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама