×

Ғылыми атаққа қосымша ақы төленбек

Ол 92-184 мың теңге аралығында болады

 Дәурен Ерболат 25.01.2024 | 17:55
фото: Halyq Uni

Елімізде ғылыми атаққа қосымша ақы төленеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілісте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы таныстырылды. 

«Бұл құжат ғылым саласындағы басқару жүйесін реттейді.

Біріншіден, қазір жаңа құрылымдар іске қосылып жатыр. Олар бір-бірімен үйлесуі керек. Сондықтан құрылымдық байланысты басқару жүйесіне сәйкес келтіру нормалары енгізілген.

Екіншіден, Ұлттық ғылым академиясы жаңа статусқа ие болады. Соның аясында жаңа бағыттар қамтылады.

Үшіншіден, технологиялық саясат бойынша зерттеу нәтижесін өндіріске енгізуді бағалау жүйесін енгізу қарастырылған. Нәтижесінде, осы бағыттағы қаржыландыру да өзгереді», - деді Дархан Ахмед-Зәки.

Министрдің орынбасары венчурлық қаржыландыру мен техникалық бизнес-инкубатор идеясын жергілікті деңгейде дамыту ескерілгенін, нәтижесінде аталған заң жобасына енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол ғалымдардың ғылыми атағына қосымша ақы төленетінін жеткізді.

Заңда әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылды. Ғылыми дәрежеге (PhD) сәйкес бұрын тиісті төлемақы берілетін. Қазір ғылыми атаққа қосымша ақы беріледі. Ғылыми атақ – қауымдастырылған профессор немесе доцент. Профессор атағын алу өте қиын. Оны қорғағаннан кейін жас ғалымдар бір орында тоқтап қалмас үшін осындай төлемақы ұсынылды. Төлем сомасы 25 АЕК (92 300 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) және 50 АЕК (184 600 теңге) шамасында болады. Профессорларға ай сайын тиісті төлем жасалады, - деді вице-министр.

Айта кетейік, қазір елімізде 22 мың ғалым болса, оның 50%-ында ғылыми дәреже бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама