БҚО-да теннис орталығы қоғамдық ұйымның назарына ілікті
Мемлекет меншігіндегі спорт кешені жекеменшікке заңсыз өтуі мүмкін
Батыс Қазақстан облысында кезінде 1,6 млрд теңгеге салынған теннис орталығы мемлекеттен жекеменшікке заңсыз өтуі мүмкін. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша директоры Бауыржан Зәки әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Қоғамдық белсендінің жазуынша, 2023 жылдың 22 қыркүйегінде әкімшілік соттың төрайымы Алтынай Дәулетова облыстық спорт басқармасын «Теннис БҚО» ЖШС-мен шарт жасауға, оны бекітуге, мәслихатқа жолдауға мәжбүрлеу туралы шешім шығарған.
Ал биыл 11 қаңтарда БҚО сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрім, Марат Маликов және Ләззат Ұстағалиева «Теннис БҚО» ЖШС-ны қолдап, прокурордың наразылығын қараусыз қалдырған.
Негізі бұл істі апелляция төрағасы Ерлан Идиров қарау керек еді, бірақ мұндай «өте қызық» істі бірінші басшы өзіне алған. Ең қызығы, сотта қазынашылық, қаржы басқармалары, Мәслихат, облыстық спорт басқармасы бұл кешенді жекеге беруге қарсы болды. Ал, облыс әкімдігі керісінше, оны «Теннис БҚО» ЖШС-ға беруді қолдаған, - деп жазды қоғам белсендісі.
Қоғамдық ұйым өкілдері құжаттарды талдап, мынадай жайтты анықтаған: алдымен 2022 жылдың ақпанында БҚО спорт басқармасы «Теннис БҚО» ЖШС-ны мемлекеттік-жекешелік әріптес деп таныған. Сөйтіп, «Теннистен облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебін» мүліктік кешен ретінде жеке компанияға сенімгерлік басқаруға беру туралы жоба жасалады.
Алайда, шарт талабы біржақты. Жеке компанияның бұл кешенді күтіп-ұстап отыруы үшін 5 жылда бюджеттен 881,3 млн теңге бөлу көзделген. Ал, кәсіпкер өз қалтасынан небәрі 56,1 млн теңгеге жөндеуге тиіс. Яғни, кәсіпкердің иелігіндегі кешеннің жөндеуіне мемлекет бюджетінен орасан қаржы бөлінбек. Жоқ дегенде 50/50% үлеспен жөндейтін болса бір жөн. Бірақ жеке компанияның жөндеу шығынындағы үлесі 7%-ға да жетпейді.
Осыдан келіп сұрақ туады: неліктен жеке компания салық төлеушілердің қаражаты есебінен жөнделуге тиіс? Кешеннің жұмысын мемлекеттің өзі-ақ осы қарқынымен жүргізе алмай ма?
Бір қызығы, 2023 жылдың сәуірінде жергілікті депутаттар теннис орталығын сенімгерлікке беруге қарсы болған. Заң бойынша мұндай нысандар жекенің қолына өтуі үшін алдымен сол депутаттар келісім беріп, одан соң бюджет комиссиясы мақұлдауы керек. Алайда сот депутаттардың қарсылығына қарамастан заңсыз шешім шығарған.
Сондықтан, облыстық әкімдік, сот және «Теннис БҚО» ЖШС үшеуі бірігіп, уәкілетті органдар, прокуратура мен депутаттардың уәжін ескерместен, біржақты ойын жасап, мемлекеттің мүддесін, салық төлеушілердің ақшасын жеке компанияға жығып беруі – көзсіздік, бәріне ортақ заңға пысқырмау. Сот актілерін қайта қарауға Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевке хат жолдау қажет. Біз бұл мәселені Президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновке хабарлаймыз, - деп жазды Бауыржан Зәки.