Компания директоры тергеу абақтысына қамалды
Өскеменде жүзден аса адам туристік компанияға алданып қалды. Алдын ала болжам бойынша, турагенттік тұрғындардан 100 миллион теңге жинап алған, деп хабарлады qazaqstan.tv.
Шетелге саяхттағысы келгендердің ең азы 500 мың, ең көбі 5 миллион теңгеден берген. Көбі жолдаманы сатып алса да шетелге шыға алмаған.
Алданғандардың арасында балалардың футбол командасы да бар.
Біз Түркияға жалпы 64 адам ұшуымыз керек еді. Оның 28-і – футбол командасының мүшелері. Туристік компанияның директоры Иринаға ұшақтың екі жақ билет құны үшін 9,5 миллион теңге санап бердік. Бірақ сол беті сапарға шыға алмадық. Енді ақша да жоқ, - дейді қала тұрғыны Юлия Булина.
Алданған адамдар арызында көрсеткен компания директоры тергеу абақтысына қамалды.
«Оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Татьяна Карпова.