«Күнін әрең көріп жүрген халыққа салық салғалы отырмыз». Депутат мобильді аударымдарды тексеруге қатысты шағым көбейгенін айтты
Мәжіліс депутаты кәсіпкерлердің шағымын жеткізді
Елімізде мобильді аударымдар бақылауға алынғаннан кейін кәсіпкерлерден шағым көбейген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асқар Садықов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолданды.
Асқар Садықов мобильді аударымдарға бақылауды енгізу қиындық тудырғанын айтты.
«Бұрын мобильді аударымдар арқылы төлеген кезде сатушы қолма-қол ақша түбіртегін беруге міндетті болатын. Енді онлайн-аударымдар арқылы алынған айналымдар бөлек, кассалық чектер үшін бөлек есептеледі. Енді салық салудың жеңілдетілген режимінде жұмыс істейтін кәсіпкер бір табысы үшін салықты 2 рет төлеуі керек.
Біріншіден, бұл шағын бизнес үшін қомақты сома: 3% орнына 6% төлеуіне тура келеді.
Екіншіден, POS-терминалдар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін банк комиссиясы бар. Оның мөлшері 2,8%-ға дейін жетеді. Салдарынан кәсіпкерге түсетін қаржы жүктемесі 3% орнына 8,8%-ға дейін өседі», - деді Асқар Садықов.
Депутат салық органдары бизнесті POS-терминалдармен жұмыс істеуге мәжбүрлеу арқылы банктердің мүддесін қорғап отыр деген ұстанымда.
Кәсіпкерді қандай да бір нақты төлем түрін жасауға мәжбүрлеу – заңсыз. Шағын және микробизнес – олигархтар емес, шағын дүкендерде тауар сататын немесе шағын қызмет көрсететін қарапайым адамдар. Олар бюджеттен ақша ұрлап, оффшорға шығарып жатқан жоқ. Мұндай кәсіпкер 5 мың теңге салықтан жалтарса да, ақшаны елде қалдырады. Мысалы, ұлына бәтеңке алып береді немесе шағын кәсібін сәл де болса кеңейтеді, - деді ол.
Асқар Садықов салық органдары әртүрлі адамнан түскен 100 мобильді аударымды бақылауға алатыны жайлы мәлімдеме жасағанын еске салды.
Бірақ оның мөлшері анықталмаған. Бұл 100-200 теңге көлеміндегі кез келген, азғантай төлемдерді де бақылауға мүмкіндік береді. Онда салық органдарына «Кімді іздеп жүрсіздер? Жасырын олигархтар мен жемқор шенеуніктерді ме, әлде жанын әрең бағып отырғандарды ма?» деген сұрақ туындайды, - деді депутат.
Ол мобильді аударымдарды тексерудің салдарынан қарапайым халық зардап шегетінін атап өтті.
Бұдан кірісі онсыз да орташа жалақыдан төмен такси жүргізушілері, тігіншілер, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар мен өзге де қазақстандықтар зардап шегеді.
Сіздер күнін әрең көріп отырғандарға салық салғыңыз келеді. Олай болса, оларға жұмысын тоқтатып, мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отыру әлдеқайда жеңіл болмақ. Жалпы мобильді аударымдарды толық бақылау жемқорларға әсер етпейді, адал шағын кәсіпкерлікке әсер етеді, - деді депутат.
Премьер-министр атына депутаттық сауал жолдаған Асқар Садықов мобильді аударымдарға салық салу тәсілін қайта қарауды ұсынды.